Бір жылдан астам уақыт өтсе де әлем елдерін тығырыққа тіреген қауіпті індетпен күрес әлі де жалғасуда. Бүгінде ведомстволық құрылымдар “COVID-19” инфекциялық вирусын ауыздықтауға барынша күш жұмсауда. Елімізде коронавирус тіркелген сәттен бастап тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ инфекция жұқтырған адамдардың байланысын шектеу мақсатында төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілді. Бірақ енгізілген шектеу шараларына қарамастан, кейбір адамдар заңсыз әрекеттер жасап, карантин талаптарын ескермеді. Сондықтан шектеу іс-шаралары, соның ішінде карантин талаптары бұзылса, әкімшілік сипаттағы шараларды қолдану бойынша мониторингтік топтар құрылды.
Бүгінгі күні облыс бойынша 23 мониторингтік топ жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында облыс орталығы мен аудандарда 2570 рейд жүргізіліп, 17858 нысан тексерілді. Соның ішінде 536 ереже бұзушылық анықталды.
Рейдтер барысында жеке тұлғалар тарапынан бұқаралық іс-шараларды өткізу, бетперде тақпау, жұмыс режімін бұзу орын алды.
Аумақтық полиция басқармаларынан келіп түскен материалдар мен үйлестіру орталықтарының шұғыл хабарламасы бойынша анықталған ереже бұзушылықтарды жою мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары кәсіпкерлік субъектілеріне 37 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Карантиндік және шектеу режімін, санитарлық талаптарды бұзғаны үшін 576 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 549 айыппұл салынды (жалпы сомасы 40 067 912 теңге). Лауазымды тұлғаларға қатысты – 2, заңды тұлғаларға қатысты – 6, жеке кәсіпкерлерге қатысты – 25, жеке тұлғаларға қатысты – 516 іс қозғалып, 14 материал сотқа жолданды.
Бүгінде өңіріміз “қызыл” аймақта. Эпидемиологиялық жағдай шиеленісе түсуде. Санитарлық шаралар сақталмаған жағдайда науқастар саны артуы мүмкін. Адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде кию ережесін сақтамайтындар бар. Сондықтан тұрғындар өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын қатаң ұстануы қажет. Әсіресе, бетперде кию, әлеуметтік қашықтық пен жеке гигиена талаптарын сақтау, бұқаралық іс-шараларға қатысудан бас тарту қажет.
Данияр ОСПАНОВ,
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы.