«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ ҚҰЛЫҚСЫЗДЫҚ Немесе жауапсыздарға жаза бола ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Спорттың ел өмірінде алар ор­ны ерекше. Біріншіден, елдің абы­ройын асқақтатып, көк байрақты биікте желбірететіндер – осы спорт­­шылар. Екіншіден, дені сау ұлт­­тың жаны да сау болмақ. Сон­дықтан кәсіпқой спортпен бірге оның бұқаралық түрін дамытуға Қа­зақстанда ерекше көңіл бөліне­ді. Әсіресе соңғы жылдары ауыл­ды жерлерде ерекше ден қойыла бас­тады. Бұнысы түсінікті де, өйт­кені ел намысын қорғайтын саң­лақ­тар­дың көбі ауылдан шыққаны белгі­лі. Біздің өңірде де аудан ор­талық­тарында дене шынықтыру-сауық­тыру кешендерінің құрылы­сы қол­ға алынғаны мәлім. Бұл, әри­не, қуан­тарлық жағдай. Ауыл спор­ты дамыса, байрақты бәсеке­лер­де ел қоржынын қампайтатын өрен­дер көбейер еді деген үміт бар.

Облыста “Ауыл – ел бесігі” жо­ба­сы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға 885 миллион теңге, Жұмыспен қамту­дың жол картасы аясында 2 мил­лиард 110 миллион теңге бөлін­ген. Бұл қаржыға Аққайың, Айыр­тау, Есіл, Жамбыл, Шал ақын аудандарында спорт кешендерін салу басталған. Дәл осындай нысандар тұрғызуға дайындық жұ­мыстары Петропавл қаласы мен Мамлют, Тимирязев, Ғабит Мүсі­репов атындағы аудандарда да жүр­гізілуде. Бұдан бөлек Саумал­көл ауылында 500 орындық ста­дион мен Жамбыл, Тайынша, Уә­лиханов, Шал ақын аудандарын­да 4 жабық хоккей кортын салу жос­парланған. Алайда жауапсыз мердігерлердің кесірінен кей ны­сандардың құрылысы кешеуіл­деуде. Биыл жазда тапсырылуы тиіс екі бірдей спорт нысанының құрылысы тоқтап тұр.

Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында дене шы­нық­тыру-сауықтыру кешенін са­лу­ға 350 миллион теңге бөлінген. Бұл нысанды тұрғызу құқығын “Севимсталькон” компаниясы же­ңіп алған еді. 2019 жылы қазығы қағылып, бір қабырғасы көтерілді. Сонымен тоқтады. Солтүстіктің жауһары атанған көрікті мекеннің сиқын қашырған “сақалды құры­лыстың” маңайына бүгінде арам­шөп қаулап өскен. Бұл жерге спорт­шылар емес, күзетшілер ға­на келеді. Нысанның қазіргі “иесі­не” айналған күзетші Жылқайдар Өтегеновтің айтуынша, құры­лыс­қа қажетті құрылғылардың біразы осында қалған, тек кранды ғана алып кетіпті. “Құрылыс материал­дары, дәнекерлеу аппараттары мен материалдар қалды. Солар­ды күзетемін. Күзетемін деген аты ғана. Басында жалақымды уақы­тын­да төлеген, биыл бір тиын ал­ған жоқпын. Жауапкершілік алға­сын ұят болар деп сыртынан қа­рап жүремін, әйтеуір, бақылау ка­мералары бар, әзірге ешкім тиген жоқ”, – дейді күзетші.

Айыртау аудандық құрылыс бө­лімінің басшысы Ербол Әбділ­ма­новтың айтуынша, қазір сот про­цесі жүріп жатыр. Құрылысқа жа­уапты компания басшысы мүлдем байланысқа шықпай қойған. Тіпті пандемияға байланысты кешеуіл­деген шығар деп түсіністікпен қа­раса да, бекітілген екінші мерзімге де пысқырып қарамай, жауап­кер­шіліктен қашып жүр. Бүгінде ком­пания лицензиясынан айырыл­ған.

Нысанның аумағы екі мың шар­шы метр. Оның ішінде футбол, во­лейбол, теннис үйірмелері ашы­луы тиіс болатын. Жаттығу зал­да­ры заман талабына сай кең қы­лып жоспарланған. Ең басты­сы, орта­лық жылу желісіне қосы­лып, қы­сы-жазы жұмыс істейтін толыққан­ды спорт сарайына ай­налуы тиіс еді. Өкінішке қарай, жет­кіншектер сол күнді күтумен жүр.

Есіл ауданындағы кешеннің де сиқы осындай. Оған жақында ауданға барғанда тағы куә бол­дық. Явленканы қақ жарып өте­тін негізгі жолдың бойында қаңқа­сы ғана тұр. Жергілікті тұрғын­дар­дың айтуынша, құрылыс бастал­ған кезде бәрі қуанған. Тіпті жергі­лікті тұрғындар ашылғасын бала­ларымызды береміз деп бөркін ас­панға атқан екен. Ауылдықтардың арманы сағымға айналды.

Бұл кешеннің құрылысы был­тыр басталған. Жобалық құны – 300 миллион теңге. Пандемияны сыл­тауратқан мердігер тапсыру уа­қытын биылғы шілдеге шегерген. Бірақ құрылыс қарқын алмай-ақ қойды. Тиіп-қашып жұмыс іс­тейтін құрылысшылардың сал­ғырт­тығы ма, әлде бас мерді­гер­дің жауапсыздығы ма, жұмыс дұ­рыс жүрмеді. Бас мердігер “Пет­ростройлюкс” компаниясының бас­шылығы басында індеттің қол­байлау болғанын айтса, енді құ­рылыс материалдарының қым­баттағанын алға тартып отыр. “Құ­рылыс 2020 жылдың сәуір айында басталғанымен, ұзаққа созылып кетті. Техникалық талаптар бо­йын­ша қаражат уақытында ауда­рылды. Пандемия барлық салаға әсер еткесін, кешеуілдеп жатыр­мыз дегеніне түсіністікпен қара­дық. Ашылатын мерзімін биылғы шілдеге қойған едік, оған да үл­гермеді. Амалсыздан сотқа ша­ғым­дандық, шешімін күтіп отыр­мыз”, – дейді аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің бас ма­маны Гүлсара Әбілқасова.

Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылындағы дене шы­нықтыру-сауықтыру кешенінің құ­рылысын жүргізген мердігер ком­пания нысанды аяқтамастан тап­сырып жіберген. Жылыту мен жел­дету желісі орнатылмаған, кейбір спорттық қондырғылар қойыл­ма­ған. Нәтижесінде кешен әлі күн­ге жұмыс істемей тұр. Мұнда да тап­сырыс беруші мен мердігер бір-біріне кінә артып, бар қар­жы­ны ұқ­сата алмаған. Нәтижесінде 325 мил­лион теңге бөлінген ке­шен әлі ашылмай, спортқа құмар балалар терезесінен сығалап жүр. Сот осы нысанға жауапты “Қо­зыкөш” құры­лыс фирмасы басшысының бар дү­ние-мүлкін бұғаттап, басқа да құ­қықтық істер жүргізуіне тыйым сал­ған.

“Мердігер олқылықтың орнын тол­тыра ма? Басқа адамның аты­на компания ашып, жұмысын жал­ғас­тыра берсе не болады?”, – де­ген заңды сұрақ туындайды. Елі­мізде ондай жағдайлар өте көп. Ендеше осы істерді аяғына дейін жеткізу құ­қық қорғау органдары мен жергі­лікті атқарушы билік өкіл­деріне сын болмақ. Жақында облыс әкі­мінің орынбасары Сәт­жан Абла­лиев жұмысына салғырт қараған құрылыс компания­лары­мен келі­сім­шарттар бұзылаты­нын, сот ше­шімінен кейін басқа компаниялар құрылысты жалғас­тыратынын мә­лімдеді.

Бұл үш оқиғада, ең бастысы, мердігердің жауапсыздығы мен тап­сырыс берушінің талап қоя біл­мейтіні анық аңғарылады. Қара­па­йым мысал, әр адам үйіне жөн­деу жүргізген кезде құрылысшыға өзінің қалауын нақты айтады, жұ­мысты өзіне ұнайтындай қылып тындыртады. Онысы түсінікті де, өйткені қаржысының желге ұшқа­нын қаламайды. Алайда мемле­кет­тің ақшасына салынатын ны­сан­ға келгенде жауапты шенеунік­тер­дің немқұрайдылыққа бара­ты­ны түсініксіз.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp