Солтүстік Қазақстан облысында «Жас маман» жобасы аясында 5 ауыл колледжі жаңғыртудан өтіп, қажетті техника алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, биыл облыстағы колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр.
Оқу орындарына қондырғы алуға 1,4 млрд теңге бөлінген. Шілде айының басында бұл қаражаттың 1 262,4 млн теңгесіне, яғни 91 %-ына конкурс өтті. 713 млн теңгенің техникасы жеткізілді.
Колледждерге ClAAS тракторлары, John Deere комбайндары, сондай-ақ қазір ауыл шаруашылығында қолданылатын басқа да заманауи техника алынды.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дәнекерлеушілерді әзірлеу үшін дәнекерлеу қондырғысы бар оқу кабинеті алынды.
Сүт өндірісінің техник-технологтарын даярлау үшін май жасайтын оқу блоктары, сепараторы, ал етті бағыт бойынша білім алып жатқандарға ірі қара малдың модульді қасапханасы, стенд-планшеттер, т.б. қондырғылар жеткізілді.
Бұған қосымша жергілікті бюджеттен 179,5 млн теңге бөлінген. Оған қондырғыларды орнату, зертханаларды, оқу кабинеттерін жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
https://www.inform.kz/