Қызылжар ауданындағы 7 ауылдық округке 24 азамат әкім болуға ниет білдірді. Үміткерлерге 7742 азамат дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.
Новоникольск ауылындағы Мәдениет үйіне жұртшылық таңғы сағат 7.00-ден ағылды. Күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарайтын ауылдықтардың барлығы саяси науқанға медициналық бетперде тағып, екпе құжаттарын ала келді.
– Новоникольск ауылдық округінің әкімі лауазымына 3 азамат үмітті. Барлығы нәзік жандар. Олар – Елена Захарова, Елена Ярикова мен Анна Толстобровалар. Жергілікті тұрғындар әрқайсысы жайлы ақпаратты біледі. Сондықтан лайықты үміткерді таңдай алады деп ойлаймын, – деді №295 сайлау учаскесінің төрайымы Светлана Мануйлова.
Новоникольск ауылдық округінде тұратындардың 1200-ге жуығы дауыс беруге құқылы. Олардың 30-ы үйлерінде өз таңдауларын жасады.
Дауыс берушілердің қатарында Гүлнәр Жұмағалиева да бар. Ол осыдан екі ай бұрын отбасымен бірге Петропавлдан Новоникольск елді мекеніне көшіп келген.
– Бұл ауылда тұрып жатқаныма аз уақыт болса да елді мекеннің тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныспын. Ең бастысы тұрақты жұмыспен қамтылдық. Жергілікті халық та бізді жақсы қарсы алды. Ауылымыз гүлденіп, көркеюі үшін сайлауға барып, өз дауысымды бердім, – деді Гүлнәр Жоламанқызы.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.