С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ұшқыш, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 75 жасқа толуына орай “Ғарыштағы тұңғыш қазақстандық” атты шара өтті. Қашықтан ұйымдастырылған жиын барысында оқырмандар назарына ғарышкердің өмірбаяны, атқарған қызметі мен тағылымды өмір жолынан бейнекөрсетілім ұсынылды.
Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданында дүниеге келген Тоқтар Оңғарбайұлы 1962-1965 жылдары Теміртау құйма механикалық зауытында токарь болды. 1965 жылы Қарағанды облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен Краснодар өлкесіндегі Армавир қаласында ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери училищеде білім алды.
Тоқтар Әубәкіров Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге атсалысты. Сонымен қатар өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге белсене қатысты. Ғарышкерге 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бүгінде өзінің өнегелі ісімен үлгі болған ғарышкерге көптеген жас еліктеп өсуде. Шараға қатысушылар қазақтың тұңғыш ғарышкерінің тағылымды өмірі жайлы тың деректерден хабардар болып, тау тұлғалы батырға ізгі ниеттерін білдірді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.