Токиода өтіп жатқан жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасының қоржынына 2 қола медаль түсті.
Жарыстың бірінші күнінде татамиге дзюдошы Елдос Сметов шықты. Қазақстандық спортшы 60 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ең алдымен ол түрік балуаны Михрача Аккушаны жеңіп, кейін Оңтүстік Корея елінің өкілі Ким Вон Джинаны қапы қалдырды. Жартылай финалда жапониялық Наохисе Такатоға есе жіберді. Осылайша алтыннан қағылған Елдос қола жүлде үшін бақ таластырды. Бұл сында отандасымызға нидерландылық спортшы Торнике Цакаджоя қарсылас атанып, қосымша уақытта Елдос “вазарри” ұпайымен жеңіске жетті.
Тағы бір қоланы зілтемірші Игорь Сон әкелді. 61 килограмм салмақта ел намысын қорғаған ол жұлқа көтеруде 131, серпе көтеруде 163 килограмды еңсерді. Қос сайыстың қорытындысы бойынша Игрь 294 килограмм салмақты көтеріп, үшінші орынға ие болды. Ал алтын медаль қытайлық Ли Фабин, күміс индонезиялық Эко Юли Иреванға бұйырды.
Солтүстікқазақстандық велошабандоз Алексей Луценко 234 шақырымдық жарыста жүлдеге іліне алмады. Ол мәре сызығын 21-ші болып кесті. Бұл додада бірінші орынды эквадорлық Ричард Антонио Карапас иеленді, екінші сатыда – бельгиялық Ваут ван Арт, ал үшінші орында – словениялық Тадей Погачар.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.