Орталық коммунициялар қызметінің өңірлік филиалында облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев пен денсаулық сақтау және санитарлық қызмет басшыларының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикерлер өңірде қауіпті індет жұқтырғандардың саны күрт өскенін хабарлады. Өткен тәуліктің өзінде 134 жаңа жағдай тіркелген. Науқастанғандардың 89 пайызында ауру белгілері анықталған. Кей аудандарда, мәселен Жамбыл ауданында, өткен аптамен салыстырғанда науқастанғандардың саны бес есе, Тайынша ауданында 3,9 есе, Петропавлда 3 есе көбейді.
– Шілденің 13-інен облыс “қызыл” аймақта екені белгілі. Ал соңғы екі аптаның ішінде жағдай тіпті ушығып кетті. 14 күнде коронавирус жұқтырған 882 адам тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда балалардың қауіпті індетке шалдығу көрсеткіші артуда, – деді облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев.
Қазір 635 адам ауруханаларда тиісті ем-дом қабылдап жатыр. 11-інің жағдайы өте ауыр. Ауруханада емделіп жатқандардың жартысы жасанды демалу аппараттарына қосылыпты. Соңғы екі аптада 20 жүкті әйел ауруханаға түскен. Ал жағдайы орташа науқастарға облыс бойынша 56 мобильді топ үйлерінде көмек көрсетуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов вакцина қойдыртқандардың ағзасында вирусқа қарсы иммунитет қалыптаспайынша аталған індетті жұқтыруы мүмкін екенін ескертті.
Облыс әкімінің орынбасары жағдай одан әрі нашарлайтын болса, қатаң карантин шараларының қайта күшіне енетінін жасырмады. Әзірге бірқатар кәсіпорындар “Ashyq” жобасының мүкіндігін пайдаланып, жеңілдікпен жұмыс істеуде. Алайда шектеу шараларына құлақ аспай, той ұйымдастырып жатқан дәмхана, мейрамханалар да баршылық. Мұндай нысандарды тексеру шаралары жиілемек.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.