«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ömır özegı – öleñ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлшат Мүсілімқызы Рамазанова 1959 жылдың 17 қыркүйегінде Алматы облысына қарас­ты Көксу ауданында дүниеге келген. 1980 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық инсти­ту­­ты­ның тарих факультетін үздік дипломмен тамамдайды. 2007 жылы М. Қозыбаев атын­да­ғы СҚУ жанындағы “Тіл және әдебиет” институтының филология бөлімінде оқыған. Алған бі­лі­­мін кейінгі буын – жас ұрпақ санасына сіңіруді мақсат тұтқан ұстаз еңбек жолын Сол­түс­тік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Амангелді сегізжылдық мектебінде бастаған. Кейін 20 жылға жуық Талпын орталау мектебінде қызмет етті. Оқырман назарына ардагер ұстаздың бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Туған жер

 

Туған жерім – алтын бесік мекенім,

Жүрегімді қолыма алып жетемін.

Аунап-қунап топырағыңда аяулы,

Жыл құсындай ұшып қайта кетемін.

 

Әкем менен анам туған аяңда,

Мәпеледің нәзік гүлдей саяңда.

Көкірегімді кере түсіп дем алсам,

Сенің жұпар иісіңе тоям ба?

 

Әрбір тасың маған алтын көрінер,

Аспаныңнан нұрлы жаңбыр төгілер.

Жеткен кезде ауылымның шетіне,

Көңілімнің қалың бұлты сөгілер.

 

Туған жерім – алтын бесік мекенім,

Кеш сездім-ау оның ыстық екенін.

Қадіріңді білген сайын өзіңе,

Жыл құсындай қайта оралып жетемін.

 

Ұлы Абай жолымен…

 

Абай ата – бар қазақтың баласы,

Абай ата – бар қазақтың данасы.

Ұрпақтарды толғандырар әр кезде,

Ақын айтқан асыл сөздің сарасы.

 

Күнсің бабам, жарқыраған көктегі,

Тудың бізге жырдан шапақ төккелі.

Абай ата, сенің сүрген өмірің,

Тектен-текке бос әуре боп өтпеді.

 

Қазағымның атын өзің шығардың,

Өлмейтұғын жыр-ғұмырды құп алдың.

Жаным қазақ болсын десең, жеткіншек,

Абайды оқы, өскіні бол, шынардың!

 

Көз алдымда елесің

 

Сақтадым нұр бейнеңді мен есімде,

Елес боп көз алдыма келесің де.

Қос ботаң жүзіп жүр ғой айдынында,

Өмірдің тағдыр деген кемесінде.

 

Біздерді нәзік гүлдей аяладың,

Қайда сол біз жайқалған сая бағым?

Ертерек “анау жаққа” алып кетіп,

Жан анам, тағдыр бізді аямады.

 

Ертерек есейгендей болдым өзім,

Кей кезде мұңлы жасқа толды көзім.

Жатсам да, тұрсам-дағы құлағымда,

“Жарығым”, “айналайын” деген сөзің.

 

Ана тілі

 

Өзіңменен ой-пікірім өлең болып өрілген,

Ана тілім аспанымда жұлдыз болып көрінген.

Ешқашан да сөніп қалмай, жарқырай бер, туған тіл,

Күндей болып көрінші тек әр кез менің көгімнен.

 

Ана тіл мен ана әлдиін ақ бесікте естідім,

Ғасырлардан келіп жеткен көзісің ғой ескінің.

Өзіңменен батырмын ғой, ақынмын ғой, туған тіл,

Сен арқылы сырларымды, жырларымды жеткіздім.

 

Жандар бар ғой және өзіңді аялаған баладай,

Еркелеген анасына, болатұғын жағажай.

Жандар көп қой сыйғызатын небір асыл сезімді,

Туған қазақ тілімізде, дарқандығы даладай.

 

Сол кеудеге нәр беретін, әр беретін туған тіл,

Сағыныш боп бота көзді мөлдір жаспен жуған тіл.

Өрлей берші, самғай берші ешнәрседен қаймықпай,

Қазақтың кең даласындай ағыл-тегіл думан тіл!

 

Домбыра

 

Күмбірлеген әуенін домбыраның,

Жүрегімнің түбіне қондырамын.

Өрте менің жанымды жалындатып,

Дірілдетіп тәнімді, тоңдыр жаным!

 

Қоңыр үнді домбыра, тербе мені,

Әуеніңмен қыр гүлі тербеледі.

Тебіренген жүрегім діріл қағып,

Шабыт жыры төгіліп селденеді.

 

Қандай ғажап, тұлпардың шабысын-ай!

Мынау нәзік саусақтың қағысын-ай!

“Бұлбұл” келіп сайрады таңсәріде,

“Адай” кетті дүркіреп сағы сынбай.

 

Кешігіп келген көктемім

 

Жапырақ жаяр көктемім,

Қиын болды-ау

Сенің ұзап кеткенің…

Қинала тосып жүргенде,

Байқамай қалдым,

Аққулар ұшып жеткенін.

 

Көктемнің әлде хабаршысы ма?!

Қос аққу қалқып,

Көрінді көздің ұшында.

Қиқулай ұшып,

Сағынып жетті еліме.

Аққулар келді, аяулы туған жеріне.

 

Көктемнің лебі сезілді міне ауада,

Жер-ана жібіп лайсаң болды далада.

Сағыныш-сезім,

Құшағына ала ма?

Көктемім менің,

Кешігіп келген далама!

 

Қайран отты жанарың-ай!

 

Сенің отты жанарыңды,

Еш ұмыта алмадым.

Батып тұр ғой жан дүниеме,

Саған ермей қалғаным.

 

Арасында түрлі жанның,

Өзімді-өзім алдадым.

Көз алдымнан кетпей қойды,

Сенің отты жанарың.

 

Ақ гүл қонған жас жүрегің,

Қара жерге көмілді.

Сенсіз досым жүрмін сүріп,

Мәнді, мәнсіз өмірді.

 

Мағынасыз деп айта алман,

Өз орным бар өмірде.

Қайран отты жанарың-ай,

Қалып қойған көңілде!

 

Сен үшін өмір сүремін

 

Жайқалған жасыл бағымда,

Жайнаған жастық шағымда.

Кездестің маған аяулым,

Мұнар ма әлде сағым ба?

 

Жанымды ұғып сыр аштың,

Өзіңмен ғана мұңдастым.

Ұйқысыз түндер өткізіп,

Өзіңмен ғана сырластым.

 

Өмірдің асау толқыны,

Лақтырды талай жағаға.

Сонда да бірақ болмадым,

Қалмадым ешбір табаға.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp