«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Атауларды бұрмалауды қояйық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да әлі күнге дейін қазақ тілінің мәселесі шешілмей келеді. Бұның басты себебі – өзіміздің немқұрайдылығымыз бен жауапсыздығымыз. Қарапайым ғана мысал, жер-су, қала аттарын ауызекі тілде де дұрыс атамаймыз. Қазақтың қара домалақ ұлдары мен қылықты қыздары, батагөй қарттарымыздың өзі табиғаты әсем Бурабайды Боровое, Шалқарды Челкар, Көкшетауды Кокчетав деп айтып жүргенін жиі естиміз. Тым құрығанда, туған жеріміздің атауларын дұрыс айтсақ, жас ұрпаққа үлгі әрі келешекте басқа атауларды да ауыстыруға түрткі болушы еді ғой. Екіншіден, қазақ тіліне танытқан үлкен жанашырлығымыз анық. Ал өзіміз құрметтемеген, қастерлемеген тілді өзгелер қайтсін?

Жақында әлеуметтік желіден облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің көше атауларын қазақшалау туралы баяндамасынан үзінді жарияланған жазбаны көзім шалды. Астындағы халықтың пікірі екіге жарылған екен. Басым бөлігі мұны қаржыны босқа шашу деп ұғады. Олардың да сөздерін елеп-ескеруіміз шарт. Алайда мұндай ой-пікірдің туындауы билік өкілдерінің халыққа тіл саясатының мазмұнын дұрыс түсіндірмеуінен туындап отыр. Бұл ретте жер-су, көше атауларын қазақшалаудың мәні қандай деген сұрақ пайда болады. Тіл тазалығы, тіл әуезділігін сақтау үшін әрі тіл абыройын асқақтату мақсатында атаулардың қазақ тілінде жазылуы, айтылуы маңызды. Елімізге шетелден қонақтар, туристер келсе көше атауларын көріп-ақ туған жеріміз жайлы ақпарат алады. Советтік кезеңнен қалған Ленин, Октябрь, Трудовой сынды атаулар идеологиялық тұрғыдан ескірген әрі еліміздің байырғы тұрғындары қазақ халқының төл тарихына қатысы жоқ болғандықтан өзгеруі керек. Олардың орнын ежелгі заман, орта ғасыр, қазақ хандығы, алаш кезеңі мен Тәуелсіз Қазақстан тарихынан хабар беретін атаулармен алмастырған жөн. Мәселен, Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған сынды ежелгі заманның белді тұлғаларына көше атауларын берген абзал. Ғасырлар бойы отар болған еліміз төл тарихын ұмытқаны жасырын емес. Ал атаулардың қазақша болуы бабалар рухын тануға, өшкен санамызды жаңғыртуға сеп болар еді. Көшелерді жеке тұлғалардың есімімен атай бермей, мәдениет пен танымымыздан хабар беретін символдық атауларды да қолданған жөн.

Көшеге адам есімін бергенде көптің наразылығын тудыратын мәселе – жергілікті шенеуніктердің туыстарының, руластарының аттарының қойылуы. Сол себептен бұған шектеу қойып, өңірімізде туып-өскен, ұлтқа қызмет еткен тұлғаларды және жалпы халқымызға аты белгілі, көптің қамы үшін басын бәйгеге тіккен зиялылардың есімдерін ескеру қажет. Мысалы, солтүстіктің топырағында туған Смағұл Сәдуақасұлы, Абдолла Байтасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Бекмұхамед Серкебаев сынды тарихи тұлғалар елеусіз қалып жатыр. Ал ұлтымыздың аяулы перзенттерінің том-том шығармалары, еңбектері – күллі алаш жұртының рухани азығына айналған құнды мұралар ғой. Сол себептен олардың аты құрметке лайық деп ойлаймын.

Қорытындылай келгенде, ономастикалық жұмыстардың мәні – атауларды бір ізге салу, сол арқылы тілдің мәртебесін көтеру деп білемін. Сонымен қатар жер-су, көше атауларын қазақшалау туған тарихымызды тану мен танытуға, тіл мерейінің үстем болуына жағдай жасайды. Әр нәрсенің сұрауы бар екені белгілі. Болашақта жас ұрпақ біз кім едік деген сұрақ қойғанда абыройсыздыққа ұрынбай, еңсеміз биік болып, ұлы түркілерден тараған нәсіл екенімізді жасырмай айта алуымыз парыз. Тілін, тарихын, мәдениетін, тегін білген халықтың ғана ертеңі жарқын болмақ!

Гүлсезім ТЕМІРТАС,

әдебиетші-педагог.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp