«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒДАТ БАТЫЛ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамзатқа төнген қатерлі індет біздің елге де жетіп, міне, екінші жыл қатарынан халқымыздың үрейін қашыруда. Ағайын-туғандарымыздың, жора-жолдаста­ры­мыздың арасынан бұл кеселге ілігіп жатқандары қаншама? Мәскеуде бірге оқыған жан жолдасым Бағдат Қозыбайұлы Болаттың дүниеден озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Елордадан жеткен суық хабар төбемізге жәй түскендей әсер етті. Оншақты күн бұрын ғана хабарласып, көңіл-күйі қалыпты, ауру-сырқаудан аман екеніне көзіміз жетіп, қуанғанбыз. Амал не, ажал оны арамыздан алып тынды.

Бағдат Қозыбайұлы бұрынғы Рузаев ауданы­на (қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы аудан) қа­расты Көкалажар ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін еңбекке ерте арала­сып, Шарық кеңшарында трактор жүргізді. Жас жеткіншектің жігерін байқаған ұжым басшылары оны 1962 жылы Алматыға оқуға жібереді. 1965 жылы ол институт ішіндегі конкурсты жеңіп алып, Мәскеудің Тимирязев атындағы ауыл шаруа­шылығы академиясына жолдама алады. Кейін­нен академияны үздік бітіріп, бұрынғы Чисто­полье ауданына (қазіргі Айыртау ауданы) қарас­ты Шарық, Баррикада кеңшарларында агроном, экономист қызметтерін атқарды. Бағдат жасынан алғыр, білімге деген құштарлығы мол, өжет еді. Диплом жұмысын үздік қорғағаннан кейін оған аспирантурада оқуын жалғастыруға ұсыныс түседі. Бұл жаңалықты елге асыға жеткізген бетте зейнет жасындағы Бибіғайша анамыз: “Балам, біраз оқудың бетін қайтардың, ұқсата білсең бір басыңа осы алған білімің де жетіп қалар, артыңда өкшеңді басып келе жатқан іні-қарындасың бар, елге орал, басқалар көріп жатқан өмір қызықтарын менің де көргім келеді”, – деп өтініш айтқан екен. Ана сөзі – балаға заң, Бағдат қызыл дипломды құшақтап елге оралды.

Бағдат Чистополье ауданының кеңшарла­рында бес-алты жыл тәжірибе жинақтап, үйлі-баранды болғаннан кейін білікті маман ретінде аудан деңгейіндегі әртүрлі мекемелерде жетекші қызметтер атқарды. Оның ішінде Қазақстан егемендік алып, дербес мемлекет құрған тұста “Еңбек биржасы”, “Жұмыспен қамту орталықта­ры” сияқты мекемелерді басқарып, қапаланған халыққа қамқоршы болды. Себебі оның бойында ұлттық намыс болатын. Жүздеген жылдар бойы бодандықта жоғалтқан ұлттық болмысымызды, қазақы салт-дәстүрімізді, сан мен сапамызды, тіл мен ділімізді қайтсем қалпына келтірем деген ұмтылыс оның өмірлік ұстанымына айналған еді. Осы кезде еліміздегі демографиялық ахуалды түзету мақсатында көрші елдерден өз қандаста­рымызды атақонысқа көшіру шаралары қарқын­ды жүргізіліп жатты. Чистополье ауданына да біраз ағайын қоныстанды. Солардың қордаланып қалған көптеген мәселелерін жеделдетіп және нақты шешуге Бағдат Қозыбайұлы білек сыбана кірісіп, үлкен алғысқа бөленді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Мәскеудегі жоғары оқу орындарында қазақтың мықты-мықты жігіттері оқыды. Атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат Әуезов, белгілі демограф Мақаш Тәтімов, философ, профессор Сәбетқазы Ақатаев, дипломат Болатхан Тайжан және т.б. алдыңғы қатарлы жастар жасырын түрде “Жас тұлпар” ұйымын құрған болатын. Олар қазақ жастарының басын қосып, әртүрлі мәдени іс-шара өткізіп, ұлт болашағына қатысты астарлы ұсыныстар, түрлі болжамдар мен бағдарлар айтылатын алаң ұйымдастыра білді. Әрине, бұл қауіпті әрекеттер әдемі ән-күйлермен, сәнді әзіл-сықақ қойылымдармен бүркемелене­тін. Міне, осындай жасырын жиындардың бел ортасында Бағдат екеуіміз жиі болатынбыз. Сол тарихи кездесулер біздің ұлтшыл азамат болып қалыптасуымызға, ұлттық болмысымызды ай­қын­дауға, саяси-әлеуметтік көзқарасымызға оң әсер еткен еді.

Кеңес дәуірінің дүрілдеп тұрған кезінің өзінде Бағдат түрлі жиналыс-отырыстарда өз пікірін, өз ойын бүкпесіз айтатын. Әрине, мұндай ашық ойдың иесі жоғарыдағы бастықтарға аса ұна­мағаны белгілі. Сондықтан шенділердің көбі Бағдаттың төбесі көрінген жерді айналып өтуге тырысатын. Бағдат Қозыбайұлының қызмет жолының аудан шеңберінен аспауы да содан болар деп жобалаймын.

Бодандықтың бұғауын үзіп, Тәуелсіздік туын тұғырына тұрғызған сәтте қатты қуандық, бөркі­мізді аспанға аттық. Бағдат та ерекше толқыды. Егемендіктің еңсесін көтеруге Чистополье жерін­де елеулі үлес қосқан жандардың қатарына оның есімін үлкен әріппен жазуға болады. Ол аудандық “Қазақ тілі” қоғамын ұйымдастырып, ақсап тұрған ана тіліміздің алға басуына қомақты үлес қосты. “Жапондардың үлгісімен 13-14 жасқа дейін баланы тек ана тілінде оқытып, ұлттық болмыста тәрбиелемесек, біз ұлттық санамызды жаң­ғыртып, қазақы келбетімізді қалыптастыра ал­маймыз”, – деп ол жиі айтатын. Аралас мек­теп­терді ашу сияқты қате ұсынысты да Бағдат қат­ты сынға алатын.

Азаттықтың тағы бір көрінісі – Чистополье жерінде алғаш рет “Дала тынысы” деген атаумен қазақ тілінде аудандық газет жарық көрді. Бұл шараның басы-қасында да Бағдат жүргенін жол­дастары ұмытпай айтып отырады. Жергілікті қазақтардың тынысы ашылып, ой-өрістерінің ұлттық сипатта дамуыне жол ашқан осы газет деуге болады. Газет бетінде егемендіктің елеулі мәселелері кеңінен талқыланып, биліктің лайық­ты шешім шығаруына түрткі болатын. Талқыға түскен көптеген сұрақтардың авторы Бағдат еді.

Егемендіктің бастапқы жылдарында елде ұйымдастырылған талай теріс әрекеттердің куәсі болғанымыз есімізде. Орыс-казактардың жер-жерде көшеге шыққандары бәріміздің намысы­мызға тигені рас. Бағдат бейжай отыра алмай Оралда болған текетіреске қатысамын деп қам­данғанда жолдастары мен зайыбы оны сабырға шақырып, әзер дегенде тоқтатқанын Зүбәйра тек қазір ғана тіс жарып айта бастағандай. Сонау 1986 жылы қазақ жастары ұлт-азаттық көтеріліс ұйымдастырып, КСРО-ны дүр сілкіндіргенде оларды жан-тәнімен қолдап, жергілікті жастар мен ұлтжанды азаматтардың алдына шығып дем бергені есімізде. Ал көтерілісшілерді қынадай қырып, адам нанғысыз зұлымдықтар жасағанын естіген Бағдаттың ыза-кектен жүрегі жарыла жаздап, қаны басына шапқан сәт көз алдымызда.

Бағдаттай ұлтжанды азаматтың өмір жолын­да­ғы ұлт мүддесіне бағытталған батыл істерін жазып тауысу мүмкін емес. Осындай ақыл-пара­саты асқан, ұлтшыл, өжет те батыл азамат­тың арғы тегі кім деген сұрақ туындайды. Ата-бабалары батыр болған. Әкесі Қозыбай аласа­пыран заманда Қызылжарда оқу оқып, мұғалім болып оралады. Туған ауылы Көкалажарда орта мектеп ұйымдастырып, кейіннен Рузаев ауданы деңгейінде білім беру жүйесіне белсене ара­ласады. Соның ішінде қазақ мектептерін ашуға көп үлес қосады. Шағалалы қазақ мектебін ашады. Осы кезде қазақ зиялылары “ұлтшыл”, “халық жауы” деген жалған жаламен итжеккенге айдала бастайды. Жала халық белсендісі болып жүрген Қозыбай атамызға да тағылып, сонау Новосібірге 10 жылға жер аударылып, одан Ма­гаданнан бірақ шығады. Алланың көзі түзу болған шығар, мерзімінен ерте босап, елге қайтқан.

Ұлтым деп өмір сүрген атпал азаматтардың есімдерін мәңгілікке ел жадында қалдыру үшін қазіргі Гавриловка (бұрынғы Көкалажар) ауы­лына заңсыз репрессияға ұшыраған Қозыбай ақ­сақалдың атын беруді және бұрындары аудан орталығы болған Чистополье селосының бір орталық көшесін Бағдат Қозыбайұлының есімі­мен атауды ұсынамын.

Жеңіс ТЕМІРХАН,

өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp