“Қызылжар орман шаруашылығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудан тұрғындарына қажетті мөлшерде отын дайындауды талапқа сай жүзеге асырып келеді. Бүгінде 10 ағаш дайындаушылар бригадасы жұмысқа белсене кірісіп, белгіленген тапсырманың жартысына жуығы орындалды.
Мекеменің барлық учаскелерін қосып есептегенде 7 мың гектарға жуық орман алқабы бар. Орманшылардың міндеттеріне орманды қорғау, молайту және орман алқабын жұртшылық мұқтаждарына бөлу кіреді. Отын жинау мамыр айынан басталып, қазан айына дейін толастамайды. Қазіргі уақытта дайындау орындарына 3 мыңға жуық ағаш, яғни 400 текше метр жіберілді. Бұл орайда, іріктеп кесуге, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға баса назар аударылған.
Ағаш өңдеумен айналысатын ұйымдардың бірі – “Омаров” жеке кәсіпкерлігі. Дархан Омаров жетекшілік ететін жеке кәсіпкерлік отын дайындаумен көптен бері айналысып, Чапаев, Трудовая Нива, Новокаменка елді мекендерін қамтамасыз етеді. Отынның бағасы қолжетімді. Бір текше метрі 8 мың теңге тұрады.
Отынға негізінен қайың пайдаланылып, оталған алаңдар табиғи түрде қалпына келтіріледі. Орманды молайту бойынша іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, түсіндіру жұмыстары бір толастаған емес.
Серік МҰҚАНОВ,
“Қызылжар” орман шаруашылығы” КММ-нің шебері.