Сайдың тасындай небір сайыпқырандарды құндақтаған қойнауы құтты, жері бай облысымыздың құрылғанына биыл 85 жыл толды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен “Солтүстік Қазақстан облысы: тарихы, қазіргі жағдайы және даму болашағы” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция осынау айтулы датаға арналды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, өңіріміздің қалыптасуы мен дамуына атсалысқан аға буын өкілдері, белгілі тарихшылар мен ғалымдар қатысты.
– Облысымыздың 85 жылдығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Біздің өңіріміз білектің күшімен, найзаның ұшымен ата-бабаларымыз қорғаған кең байтақ жердің бір бөлігі. Елдің басты байлығы – адамдар екені даусыз. Көрнекті жерлестеріміздің есімдері мен атқарған қызметтері ел тарихына алтын әріптермен жазылды. Қызылжар – Қожаберген жырау, Сегіз сері, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сәкен Жүнісов, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер сынды алты алашқа әйгілі сал-серілер мен ақын-жазушылар дүниеге келген қасиетті мекен. Біз Евней Бөкетов, Мақтай Сағдиев, Ермек Серкебаевтай тау тұлғалы азаматтарды мақтан тұтамыз. Осынау жерлестеріміздің жүріп өткен жолы мен еңбегі біздерге үлгі-өнеге, – деген Ғани Сақтағанұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.
Осынау белеске өңіріміз жақсы жетістіктерімен жетіп отыр. Облысымызды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы аясында алдағы бес жылда өңірге 500 миллиард теңге қаржы құйылмақ.
Бұл әр саланың дамуына тың серпін береді. Еліміздің солтүстік қақпасы атанған қасиетті өлкенің әлеуеті зор екенін тілге тиек еткен Ғани Нығыметов өңіріміздің дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың баршасына зор денсаулық, бейбітшілік, амандық пен бақыт тіледі.
Айтулы шараға “Zoom” платформасы арқылы қашықтан қатысқан жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің генерал-лейтенанты Абай Тасболатов туған жердің қадір-қасиетіне тоқталып, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді. Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматтары Анатолий Башмаков пен Құдайберген Қалиев өткенсіз – тарих, бүгінсіз – болашақ жоқ екенін айта келе, білікті мамандардың ұстаханасы атанған туған өлкеміздің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан Ніл Болатбаев, Есім Шайкин, Василий Демиденко, Жақсылық Ысқақов, Степан Башкиров, Нэлли Иванова мен тағы басқа аға буын әріптестері мен замандастарының есімдерін ыстық ықыласпен атап өтті. Тұмса табиғатымен көпшілікті таңғалдырған ақ қайыңдар өлкесі алтын дәнімен жайқалып қоймай, ел бойынша сүт, ет өндіруде де алдыңғы орында екенін мақтанышпен жеткізді.
Конференция жұмысына қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов “Ботай өркениеті және Солтүстік Қазақстан өңірі” тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
– Ұлы Жібек жолынан мың жыл бұрын Дала жібек жолы болды. Ол Қытайдан Қарақорым, Сібір арқылы Еуропаға өткен. Ботай өркениеті сол Ұлы дала бойында болды. Адамзат тарихында, қазақ жеріндегі ең ұлы мәдениеттің бірі – Ботай өркениеті. Ботай мәдениеті ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әйгілі. Сондықтан Ботай өркениетін әлемдік, халықаралық деңгейде насихаттау қажет, – дей келе, Серік Негимов өңірдің мәртебесін көтеру мақсатында Қызылжар жерінде дүниеге келген ұлы тұлғалар мен ғалымдардың еңбегі топтастырылған құнды жинақ шығарып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұлт азаттығының алтын бастауында тұрған Алаш қайраткері, жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовқа ескерткіш орнату мәселесін ортаға салды. “Ғасырлық тарихы бар шежірелі басылым “Soltüstık Qazaqstan” облыстық газеті редакциясының жанында Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Сабыр Айтқожин, Жиенғали Тілепбергенов, Ғалым Малдыбаевтың ескерткіштері де орын алса артық емес”, – деді. Бұл тарихқа тағзым, өскелең ұрпаққа өнеге болмақ.
Ал М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбайдың “Әуелі Ақмола губерниясы, 1936 жылдан Солтүстік Қазақстан облысының тарихына шолу” атты баяндамасында өңірдің өткен тарихына қатысты тың деректер келтірілді. Ғалым соңғы 20 жылда өңірдің тарихын зерттеуге баса көңіл бөлінгенін, ел тарихы ешкімнің бұрмалауына көнбейтінін, жер-су атауларының әрқайсысының астарында сыр жатқанын жеткізді. Сондықтан Зарқын Сыздықұлы өңір тарихын жер-су атауларынан іздеуге кеңес берді.
Жиында аталмыш білім ордасының профессорлары Ақмарал Ыбыраева, Жанар Таласпаева, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова мен тағы басқа ғалымдардың мазмұнды баяндамалары облыстың өткені мен бүгініне, сәулелі жарқын белесіне арналды. Елімізде орын алған жағдайға байланысты қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында баяндамашылардың бірқатары қашықтан қатысқанын айтып өткен жөн. Конференция аясында көпшілік назарына тағылымды тарихы бар өңірдің өткенінен сыр шертетін кітап және архив деректерінің көрмесі ұсынылды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.