Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында құс фабрикасының құрылысы басталды. Оны “Северный бройлер” ЖШС қолға алған. Бүгіндері жұмысшылар құс қораларының, қасап цехының іргесін қалап, темір конструкцияларын орнатуда. Фабриканы үстіміздегі жылғы күзде іске қосу жоспарланған.
– Жобаға, 5,5 млрд. теңге жұмсалады. Мұнда 12 құс базасы, инкубатор, жем-азық комбинаты, қасапхана бой көтереді. Құрылыстың бірінші кезеңі осы күзде аяқталып, фабриканың алғашқы екі цехын іске қосамыз. Әуелде жылдық қуаттылығы 5 мың тоннаны құрайды. Кейін бұл көрсеткішті 4 есеге арттырамыз, – деді жоба жетекшісі Берік Ақмырза.
Фабриканың жалпы аумағы 52 гектар жерді алмақ. Қазіргі құрылыс жұмыстарына негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай қалаларынан келген және жергілікті тұрғындардан жалпы саны 120 маман тартылған. Кәсіпорын іске қосылғанда 200 адам еңбекпен қамтылады. Олардың дені жергілікті тұрғындар болады.
– Бұл құс фабрикасында заманауи технологиялар қолданылатын болады. Етті бағыттағы асылтұқымды құстарды күтіп-баптаймыз. Әр құс базада 35 мыңға дейін құс өсіріледі. Бройлердің етін ғана емес, одан қалған сүйекті де кәдеге жарату ойымызда бар. Сонымен қатар жұмыртқа өндіретін арнайы аймақты да қарастырып отырмыз, – дейді жоба жетекшісі.
Өңірдегі өнеркәсіп саласы мен құс шаруашылығына тың серпін беретін фабрика 2023 жылдан бастап толық қуатында жұмыс істеуге кіріседі.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.