«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Бастаудың” түлегі шағын наубайхана ашты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы төрт жылдың ішінде “Бастау” бағдарламасының шапағатын 7 мыңнан астам солтүстікқазақстандық көрген. Олар арнайы тегін курстарда кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп қана қоймай, мемлекеттік грант, жеңілдетілген несие алды. “Бастау” жобасы түлектерінің бірі өз ісін Есіл ауданының Явленка елді мекенінде дөңгелетуде.

Тәтті тоқаш пісіру – Светлана Егорованың сүйікті ісі. Есіл ауданының тұрғыны алты жылдан бері бұл хоббиін табыс көзіне айналдырып отыр. Кәсібін кеңейтіп, бизнес жүргізудің қыр-сырын тану үшін ол “Бастау” бағдарламасы ұсынған оқыту курстарына қатысыпты. Кейін мемлекеттен жеңілдетілген несие алған.

– Әр адам қолынан келетін кәсіппен айналысса, біздің елімізде жұмыссыздық мәселесі болмаушы еді. Біз кәсіпкерлік негіздерін карантиндік шектеулер қатаңдатылған уақытта оқып шықтық. Туындаған қиындықтарға қарамастан мемлекет 6 млн. теңге несие берді. Оған өндірістік ғимарат сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Қажетті құрал-жабдықтарға да қол жеткіздім. Қазір ірі көлемдегі тапсырыстарды да орындауға мүмкіндік бар, – дейді кәсіпкер Светлана Егорова.

Кәсіпкердің бәліштері мен тоқаштары жергілікті жұртшылықтың жоғары сұранысына ие. Оларды Светлана Егорова өзінің ерекше әдісімен әзірлейді.

Бүгінде Есіл ауданының орталығында мемлекеттік қолдаудың көмегімен 15 жоба жүзеге асуда. Аудандықтар негізінен ауыл шаруашылығы саласын таңдап, жеке кәсіпкерлік нысанын ашқан.

– Биыл 7 тұрғынға 23,8 млн. теңгенің несиесін бердік. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 8 кәсіпкер 18 млн. теңге қаржы алды. 12 тұрғын 30 млн. теңгенің несиесін рәсімдеп жатыр. Бұл бағдарлама кәсібін енді бастаған жандарға өте тиімді. Өйткені қомақты қаржыны 7 жылға небары 6 пайыздық үстемеақымен алуға болады, – деп түсіндірді Есіл аудандық еңбекпен қамту орталығының директоры Бауыржан Қайролла.

Жыл басынан ауданда тағы 38 адам “Бастау” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын тамамдаған. Қазір онлайн тәртіпте төртінші лекті оқыту жүріп жатыр.

Гүлмира Шоқтыбаева,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp