Бұлақ – әулиелі ауыл. Түгін тартсаң, майы шығатын құнарлы жері бар. Үсті ғана емес, асты да – тұнған байлық. Бағы ма, әлде соры ма, қойнауынан алтын табылып, ұлылардың ізі қалған жерді қазір астаң-кестеңін шығарып қазып жатыр. Бұл – бір кездері атақты Ақан сері ән салып, Үкілі Ыбырай серілік құрған мекен. Мақаламыздың кейіпкері Таңат Бейсенбаев та сол сал-серілердің әні қалықтаған қасиетті жерде туып өсті.
Арқа ақындары мен жырауларының ізін жалғағандардың бірі – Қойшыбай Бейсенбаев еді. Таңаттың әкесі Ошыбайдың туған ағасы. Зор дауысымен ауыл-аймағын жырға бөлеп, жүрген жері думанға ұласқан талантты өнерпаз болған. Бірақ талай боздақты қыршынынан қиған сұм соғыс Қойшыбай Бейсенбаевты да алып тынды. Өзімен бірге әулетіне дарыған әншілік өнерді де ала кеткендей еді. Бірақ олай болмады, тәңірдің берер сыйы бар екен. Сыйы болғанда да ешкім күтпеген, тағдырдан теперіш көріп келіп қоныстаған жігіт арқылы жеткен тарту еді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қытайдан Мәскеуге барған өнерпаздардың арасында Сыдық Мұсақожаұлы Төкебаев белгісіз бір себептермен абақтыға қамалып, қалып қояды. Кейін Қазақстанға, соның ішінде біздің облыстағы Бұлақ ауылына жіберіледі. Соғыс ардагері, малшы Ошыбай Бейсенбаевтың үйінде пәтерде тұрады. Қолындағы бар құжаты – Қытайдың паспорты ғана. Үш жыл бойына ауылдан шығуға қатаң тыйым салынған. Тіпті көрші ауылдарға бара алмайды. Кеңшарда дәнекерлеуші болды. Өмірі қара жұмыс істеп көрмеген адамға ауыр тигені анық. Алайда музыка аспаптарына бейімделген шебер қол бұл істі де игеріп әкетті.
Бір күні кешкісін бала Таңатты домбыра тауып әкелуге жұмсайды. Тілалғыш бала көршілерінің біреуінің үйінде ілулі тұрғанын көрген. Сұрап алып, ағайының қолына ұстатады. Ұзақ уақыт тартпағасын ұмытып қалған ба, саусақтары кібіртіктей береді. Қара жұмыстан күстеніп, жарылып, добалдай болып ісінген бармағы да икемге көнбейді. Домбыра да сөйлей жөнелетін өз аспабы емес, қолдан жонылған екен. Бірте-бірте саусақтары жорға кейіпке түсіп, шанақ бойындағы пернелерді қуалай жөнеледі. Оң қолы бастапқыда ілесе алмағанымен, қайта-қайта қаққасын биші қыздың қолындай майысып, өзінен-өзі ойқастай бастады. Қолтығы сөгілген жүйріктей еркін көсілді. Талай жыл езіп-жаншып келген керенаулықтан арылып, арқасы қозды. Сол тартқаннан мол тартты. Талайдан бері ыңылдап ойша ойнап келген күйдің көбінің басын қайырды. Зіл батпан салмақтан, жүрегін езгілеген қасіреттен, туған жеріне, ағайын-бауырларына деген сағыныштан бір сәтке болса да құтылды. Домбыраны қатты-қатты қағып жіберіп, көзін ашқанда босағаға сүйеніп, үнсіз тұрған Таңатты көрді.
– Домбыра тартасың ба?
– Жоқ.
– Ән айтасың ба?
– Жоқ.
– Қой, алдама, қане қайталашы.
– Айта алмаймын.
– Әу демейтін қазақ болмайды, келе ғой, айтшы…
Жеңіл деген бір әннің шумағын бөліп-бөліп қайталатып еді, баланың ән ырғағын айнытпай келтіргенін байқады.
– Өй, сен өзің әнші болайын деп тұр екенсің ғой…
Сыдық Мұсақожаұлы халық әндерін, талай сахнада шырқаған туған жері – Алтай қазақтарының әндерімен қоса жергілікті ақын-жыраулардың да шығармаларын шырқап, ағайынның ықыласына бөленді. Бұрындары кеш болса, көше кезіп, бос сенделіп жүретін ауылдың жастары Сыдықты айналшықтайтын болды. Жергілікті тұрғындардың басын қосып, әнші-бишілердің ансамблін құрды. Өзі домбырада ғана емес, қолына тиген аспаптың бәрінде ойнайды екен. Құмартқан қыз-жігіттерге де үйретуден жалықпайды. Алғашында бәрі тосырқай қараған бөтен жігіт уақыт өте келе жақын ағайындарына айналып шыға келді.
Күні-түні қасында жүретін Таңат та ұстазынан көп нәрсені үйренді. Алғашында мектепішілік концерттерде ән шырқап жүрсе, бара-бара аудандық конкурстарға да қатысатын болды. 1967 жылы облыстық мектепаралық байқауда бас бәйгені жеңіп алды. Бәйгесі де қомақты. Пианино. Пионерлер ұйымы атынан қатысқандықтан сыйлығы да осы ұйымға табысталды. Ал Таңат пен ұстазы үшін бұл – жеңістің басы еді. Тағдыр айдап әкелген өнерпаз баланың талантын ашып, бар білгенін үйретуге кірісті. Жалғыз Таңат қана емес, ауылдағы өнерге икемі бар деген әр баланы сахнаға шығарды. Мерекелерде концерт қойып, көріністер ұйымдастырды. Осындай ойын-сауық кештерінде “әнші бала” атанып Таңат жүреді. Тіпті жас әншілердің бірі ретінде “Қазақ радиосына” шақырылып, дауысын жазып алады. Бұның бәрі жас баланың арманына қанат бітіріп, әнші болуына әсер еткені сөзсіз.
Таңат мектеп бітіргесін бірден Алматыға аттанды. Мақсаты – консерваторияға түсу. Бірақ музыкалық арнайы сауаты жоқ бозбаланың жолы болмады. Цирк училищесі жанындағы әншілер даярлайтын бөлімге құжат тапсырмақ болды. Бірақ кешігіп қалғандықтан, келесі жылы келерсің деп шығарып салған еді. “Жолым болмады” деп жасыған Таңат жоқ. Әскерге аттанатын уақыты да таяп қалған еді. Екі жыл бойына Қызылорда өңіріндегі әскери бөлімшелердің бірінде азаматтық борышын атқарып келгесін, тағы да бағын сынап көрмек болды. Қызылжар қаласында алматылық цирк училищесінің халық әні бөліміне іріктеу өтіп жатыр дегенді естіп, қатысуды ұйғарады. Бірақ қазылар Таңаттың өнерін төмен бағалап, өте алмай қалады. Алған бетінен қайтпайтын ол “жығылсаң нардан жығыл” деп Алматыға қайта аттанады. Не болса да, училищенің өзіндегі ұстаздардың көзіне түспек. Барса, елдің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздар білім ордасына оқуға түсу үшін жанұшырып жүр екен. Таңат та солардың қатарына қосылады. Лаки Кесоглу төрағалық еткен қазылар алқасының алдында домбырамен бір халық әнін орындап береді. Ұнатқан секілді. “Қане, енді бір эстрадалық ән орындашы”, – деген тапсырма түседі. Оны да айтып береді. Лаки Кесоглу ұнатып, эстрада әншілерінің сыныбына алатынын айтады. Бұл күтпеген жағдай еді.
– Әй, Лаки, басқаларын ала берсеңші өзіңе, мына баланың дауысы нағыз халық әндерін шырқайтын дауыс екен. Мен аламын өз сыныбыма, – деген жуан дауыс гүр ете түсті. Бәрі жалт бұрылды. Есікті ашып кіріп келе жатқан адамға ешкімнің қарсы келуге батылы жетпеді. “Болсын, болсын!” – деп бас шұлғыды. Тек, сыртқа шыққаннан кейін сұрап, өзіне “құда түскен” адамның әйгілі Ғарифолла Құрманғалиев екенін білді. “Бәсе, тегін адам емес секілді еді”, – деп іштей ой түйді. Ертеңіне тағы да емтихан тапсыруға келген. Дәлізде кешегі жуан дауысты ағасы кезігіп қалды.
– Не қылып жүрсің? – деді салған беттен.
– Емтихан тапсырып…, – деді бұл міңгірлеп.
– Мен саған айттым емес пе, менің сыныбыма қабылдандың деп, бар құжаттарыңды өткіз, – деді бұйыра сөйлеп. Осылайша Таңат өзі армандаған оқу орнына түсті, оның ішінде атақты Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті атану бағы бұйырды.
– Оқу басталғасын қызық болды, – деп еске алады Таңат Ошыбайұлы. – Халық әндерінен дәріс беретін екі ұстаз бар. Бірі – менің жетекшім болса, екіншісі – атақты Жүсіпбек Елебеков. Екеуінің кабинеттері қатар. Сабақ басталарда Жүсіпбек Елебеков ағамыз есікті ашады да, Қапаш Құлышева екеуімізге қарап: “Сатқындар”, – дейді де, тарс еткізіп жабады. Біз Қапаш екеуіміз де Арқаның тумасы болғаннан кейін дауысымыз да, домбыра қағысымыз да өзгеше. Ал Ғарифолла ағайымыз – батыс ән мектебінің өкілі, сәйкесінше мақамы да өзгешелеу. Емтихан кезінде Жүсіпбек Елебеков іссапарға кеткен екен де, Қапаш екеуімізді Ғарифолла ағай өз сыныбына алып алған. “Сатқын” дейтіні де содан еді.
Оқу орнын аяқтағасын Таңат Алматыдағы филармонияның әншісі болып қабылданды. Ұжыммен алғашқы гастрольге де барады. Екі ай бойы ел аралап келген кезде туған жерден шақырту түсті. “Облыстық филармония жанынан қазақ труппасын ашамыз, өнерпаздарға пәтер береміз”, – деген уәдеге сеніп елге қайтты. Үй-күйсіз жүрген адамда қайдан шабыт болсын. Мәдениет саласындағы шенеуніктердің құрғақ уәдесінен шаршаған ол туған ауылы Бұлаққа көшіп кетті. Ауылдағы Мәдениет үйіне жұмысқа тұрды. Көп ұзамай-ақ көркемөнерпаздар үйірмесін шыр үйіріп әкетті. Бұлақ ауылы өнерпаздарының атағы облыс аумағында дүркіреп шыға келді. Облыстық байқауларда жүлдесіз қалған күні жоқ. Тіпті кей концерттердің басым бөлігін филармония емес, осы ауылдың әнші-жыршылары өткізетін деңгейге жетті. Аз уақытта ауызға ілігіп, абыройы асқақтаған өнерпаздарға жергілікті кеңшар да қолдау көрсетіп, киім мен аспаптардан кенде қылған жоқ. Ол кезде ұлттық киімді табу қиын, тігейін десе ательелерде үлгісі жоқ, сондықтан Алматыдан алдыратын еді.
– Өнерпаздарымыздың бәрі – сауыншылар, механизаторлар, малшылар, мектеп мұғалімдері және тағы басқалар. Бәрі жұмыста. Соған қарамастан күнде концерт қоямыз. Ауылдастарымыз ән мен күйге қарық болды, бізге жаңа көрермен керек. Не істейміз? Бір күні кешкі сауыннан кейін жиналып, автобусқа киім-кешегімізді салдық та көрші ауылға тартып отырдық. Дәуқараға келсек, клубта 2-3 жігіт қана отыр екен. Әлгілерге “концерт көргілерің келсе ауылдастарыңды жинаңдар, біз әртіспіз” дедік. Сахнаны дайындап, киінгенше көрермен жинала қалды. Көріністерімізді қойып, әнімізді айтып, енді кетейік десек, ауыл адамдары ас қамдап қойыпты. Түні бойы думандатып, таңертең ғана ауылға жеттік. Ұйқы жоқ, бәрі жұмыстарына кетті, – деп кейіпкеріміз сол күндерді қимастықпен еске алды.
Таңат Ошыбайұлы облыстық қана емес, республикалық деңгейдегі байқауларға, мәдени іс-шараларға да қатысып, өңір намысын қорғады. “Сексенінші жылдардың аяғында Алматы қаласында айтыс ақындары мен жыршыларының байқауы өтті. Талап бойынша 5 ақын, 4 жыршы қатысу керек. Біздің облыстан барған 9 адамның бірі менмін. Алғашқы қарсыластарымыз – Атырау облысы. Біз сақадай сай әзірленіп барғанбыз. Ерік Асқаров марқұм Алматыда Жазушылар одағында қызметте. Қонақүй дайындап, бар бабымызды жасады. Ертең сайыс болады деген күні қарсыластарымыз бізбен додаға түскісі келмей, менсінбей қалыпты. Сонда айтатындары: “Солтүстіктегі халықтың небары 9 пайызы ғана қазақ, бізде Атырауда 90 пайыз. Біз бұлармен шықпаймыз”, – деп, арты дауға ұласты, шу Мәдениет министрлігіне дейін жетіпті. Ақыры айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман араға түсіп, қарсыластарды көндірген. Намысқа тырысқан біз атыраулықтарды ұтып кеттік”, – деп сол бір қызық оқиғаны еске алды.
Әр заманның өз жүйрігі болатыны заңдылық. Маңдайына біткен бағына сай орнын табады, бәйгесін алады. Біздің кейіпкеріміздің өнер айдынында қалдырған ізі осындай. Қиын заманның қатал заңына мойымай өнерімен өрге жүзді, өңірде мәдениет саласының дамуына бір кісідей еңбек сіңірді. Талайды тамсандырған Таңат зейнет демалысына шықса да қара домбырасын тастай қойған жоқ. Артында сайрап ізі жатыр, ізбасар шәкірттері жүр.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.