Ғарыштық мониторинг Петропавлда 63 қоқыс орынын анықтады. Оның 46-сы жойылуы керек. Заңсыз пайда болған орындар Жұмысшы кентінде, Былғары зауыты шағынауданында, Пушкин мен Жуков көшелері аумағында орналасқан.
Кірпішті шағынауданындағы қоқыс алаңы қыста қар астында қалып, көзден таса болса, жазда айналаға жағымсыз иіс таратуда. Мамандардың айтуынша, бұған тұрғындардың өздері кінәлі, өйткені олар арнайы мекемелермен келісімшартқа отырып, қоқыс жәшіктерін орнатуға құлық танытпайды.
– Бұл жер жыл сайын тазаланады. Оның ешқандай нәтиже бермейтіні де шындық. Қазір бейнебақылау камераларын орнату мәселесі талқылануда. Басқа амалымыз жоқ, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Олег Гаврилов. Мұндай заңсыз қоқыс орындары облыс орталығының басқа да аудандарында бар.
– Департамент мамандары ғарыштық мониторингтен кейін заңсыз қоқыс алаңдарын барып көрді. Бұл түйткілді мәселені түбегейлі шешу керек. Өйткені қоқысты сыртқа шығарған күннің өзінде, тұрғындар олардың орнын тұрмыстық қалдықтармен қайта толтырады, – деді облыстық экология департаментінің бас маманы Наталья Аржанникова.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ.