«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҒАЙНИ” — СЕГІЗ СЕРІНІҢ ӘНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір жарым ғасыр бойы саясат құрбаны болып, бертінге дейін әндері өз атымен аталмай келген, тумысы бөлек, тұла бойы тұнған өнер иесі, сал-сері, композитор, классикалық қазақ әнінің негізін қалаушы Сегіз сері жайлы дау-дамайлы әңгіме әлі де басылмаған сыңайлы.

Ел газеті “Egemen Qazaqstan”-да (26 мамыр 2021 ж.) жарық көрген әнші, өнертанушы Ерлан Төлеу­тайдың “Жарылғапберді” атты мақаласындағы “Кейінгі кезде Се­гіз серінікі деп айтылып жүрген ән­нің бірі – Жарылғап­бердінің “Ғай­ниы”, – деп өзінше “жаңалық” ашуы осы мақаланы жазуыма се­бепші болып отыр.

Қазақтың белгілі жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы “Сегіз сері және Ғайни” (“Айқын” газетінде жа­рияланған) зерттеу мақаласында: “Мен қазақ ауылдарын аса көп ара­лаған емеспін. Алайда Алтай­да, Арқада, Атырауда, Қаратауда болдым. Сонда байқағаным: сол ара­дағы барлық қазақ Құрман­ғазыны “Құрманғазы бабамыз” деп сөйлейді. Мен мұны тектілік деп түсінем. Сондай тектілікті біз тағы көрсететін бір оғлан ол – Се­гіз сері.

Не Құрманғазының, не Тәттім­бет­тің, Біржан мен Ақанның, тағы басқа өнерпаздардың бірде-бірінің өмірі мен өнері жайында дәл Сегіз серінікіндей сенімді, на­нымды деректер мен куәлар жоқ. Алайда Сегіз серіні өнер тари­хына жолатқысы келмейтін адам көп.

Сегіз серінің өмірі мен шығар­ма­шы­лығына әділ баға беріл­ме­уіне, тіпті атын атамауға дейін апарған арғы-бергі, ішкі-сыртқы себептер, меніңше мынадай:

1. Сегіз серінің азаматтық, өнер­паздық қалыптасуына әсер еткен оқиғалар мен тарихи-саяси жағдайлар өткен қазақ жерлері бұл күнде Ресей мемлекетінің құрамына кіріп кетті.

2. Ол орыстың отарлау саяса­тына қару алып, қарсы шықты. Жа­ласы бар, шындығы бар, орыс әскері мен адамдарының қанын төкті. Сондықтан саяси қырағы­лық пен сақтық жасауға мәжбүр болған аталарымыздың оны ай­ғақтап зерт­теуге батылы барма­ды.

3. “Гауһартас”, “Ғайни”, “Мақ­пал”, “Назқоңыр”, “Алқоңыр”, “Қар­ғаш”, “Ақбақай” секілді қазақ ән­дерінің кілең інжу-маржанын бір-ақ кісіге беруге қимадық. Сенбе­дік. Біржанның, Ақанның, Мұхит­тың тағы басқалардың беделіне нұқсан келетіндей көрдік.

4. Халықтың арасына кең тара­ған қаншама әндер Сегіздікі бо­лып шығатын болды. Ал қа­лыптасып қалған өтірікті өзгерту ғылымы мәдениеттілікпен қабыл­данатынына ешкімнің көзі жетпе­ді”, – деген тұжырым жасайды.

Сегіз серіні өнер тарихына жолатқысы келмейтіндердің бірі – Е.Төлеутай жоғарыда аталған мақаласында: “Кейінгі кезде Сегіз серінікі деп айтылып жүрген әннің бірі – Жарылғапбердінің “Ғайниы”. Өнер зерттеушілері де осы тоқ­там­ға үнсіз келіскендей сыңай та­нытқан. Алайда бұл жерде де Б.Ба­лабековтің “Ғайни” әні тура­сын­да жазған естелігінің шыға келуі – аталған әнді Сегіз серіге те­лушілерге қақырата соққы бер­гендей”, – деп өзеурейді.

Ал енді “Ғайни” әні Сегіз сері­нікі екеніне дәлел-дәйегімізді ай­тайық. Бұл орайда тағы да жо­ғарыда аталған жазушы Бексұл­тан Нұржекеұлының “Сегіз сері және Ғайни” мақаласын алға тар­тамыз.

“Сегіз серінің өмірі мен шығар­машылығын ғылыми тұрғыдан тал­дау үшін өзінің “Қашқын кел­бе­ті”, “Қыз сипаты” (Сегіз сері шы­ғар­малары, 2-том, 24 және 33-бет­тер), Жаяу Мұсаның “Ер Сегіз” (Сегіз сері шығармалары, 2-том, 245-бет, 2014 ж.), Нұржан Нау­шабайұлының “Сегіз сері баһа­дүр” дастанын, Рақымжан Отар­баевтың “Қазақ әдебиеті” газетін­де жа­рияланған “Ерлігін Иса­тайдың жыр­ға қоссам” мақаласын басшы­лыққа алу бірден-бір дұрыс жол деп білемін. Себебі бұлар – уақыт жағынан да, сенімділік тұр­ғысы­нан да бағалы дүниелер. Өйт­кені Сегіз сері өз шығармаларын жаз­ба түрінде қалдырған. Сон­дықтан олар біраз уақыт қолдан-қолға та­раған, келе-келе жазба­лар тозып, жоғалған соң ғана ауызша сақтал­ған. Сондықтан көр­кемдігінен аз­ды-көпті айрылса да, деректік дәлдігін жоғалтпаған”.

Ал Жаяу Мұса – Сегіз серіні көз­бен көріп, қасында жүріп, үлгі ал­ған шәкірті. Бұған дәлел Жаяу Мұ­саның “Ер Сегіз” дастанындағы мы­на өлең жолдары:

Дәл үш жыл Ер Сегізге шәкірт болдым,

Саналып ең кенжесі қалың қолдың.

Сегізге барар жолда сезіп едім,

Өнерге ашыларын даңғыл жолдың.

“Ғайни” әнінің Сегіз серінікі екенін Жаяу Мұсаның:

Сал Сегіз әуес болған нақ құндызға,

Көз салған әр елдегі шын жұлдызға.

Арнаған қос нұсқалы “Ғайни” әнін,

Еркесі ысық елі Ғайым қызға, – деген өлең жолдары дәлелдей түседі.

Үш жыл қасында болған, Сегіз сері әндерін шырқаған, қазақтың айбарлы ақыны, әнші-композитор Жаяу Мұса Байжанұлының тайға таңба басқандай дерегінен артық Е.Төлеутайға қандай дәлел керек?

“Ғайни” әнінің шығу тарихы жа­йында: “Ысық пен Танада әншілік, ақындық, ән шығарушылық өнері­мен танылған Сегізді жастар іздеп жүріп ойын-тойларға шақыратын болған. Бірде Ерман дейтін дәу­летті адам тойына шақырады. Осы тойға сол өңірге танымал Қал­дыбайдың сұлулығымен аты шық­қан Ғайнижамал (ел-жұрты ерке­летіп, Ғайни деп атап кеткен) да шақырылады. Тумысынан өжеттік қа­сиет дарыған Сегіз Ғайнижа­мал­ды алтыбақан тебуге шақыра­ды. Осы бір мүмкіндікті пайда­ла­нып, Ғайниға деген жалынды сезі­мін білдіріп, атақты “Ғайни” әнін шығарып айтады. (Жинақ. “Халық әндері мен халық композитор­ла­ры­ның әндері”, Алматы, 1991 ж. 1-том, құрастырған Жәнібек Кәрме­нов).

Қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаев Өтепқали Жақыпұлының шежіре­сіне сүйене отырып, Сегіз серінің Исатай-Махамбет көтерілісіне азды-көпті араласқанын жазады.

Ертіс орманының ішінде жиыр­ма шақты орысты біреулер өлтіріп кетеді. “Сөз жоқ, қазақтар өлтірді, – деп ойлаған Батыс Сібір гене­рал-губернаторының орынбаса­ры Горчаков “Сегізді ұстау керек”, – деген бұйрық береді. Жалалы болған Сегіз сері қасына сенімді серігі, досы Нияз серіні алып, на­ғашысы Байбақтылар жағына тар­тып отырады. Сегіз нағашылары Байбақтыларда көп аялдамай, Еділ­дің Тептер деген саласында отырған ауылға жетеді. Бірден көз­деріне оқшау тігілген он сегіз қа­нат ақ боз үй түседі. Сегіз бен Нияз ат басын солай бұрады. Бұл ысық руынан шыққан әйгілі батыр Исатайдың мыңбасы Қалдыбай Қосаяқұлының ауылы болып шығады.

“Алдымнан бір қыз шықты құл­пы­рып-ай, сұрап ем, Ғайни екен қыздың аты”, – дейді Сегіз сері.

Ғашықтықтың жалынынан “Ғай­ни” атты ән дүниеге келеді. “Ғайни” әні туралы жазушы Бек­сұлтан Нұржекеұлы “Сегіз сері жә­не Ғайни” атты зерттеу мақала­сында әнге деген сүйсінісін бы­лайша жеткізеді:

“Бір сәтте туа салған дүние­дей. Қоспасыз, селкеусіз, құдірет­тің өзі құя салған сом алтындай. “Ғайни” – бір әннің ғана ғұмыры емес, қазақ әнінің ұзақ ғұмыры. Ұлт­тық өзегінен, қазақтың мінезі­нен, халықтың сезімінен жаралған туынды. Шөкімдей үніне дейін қазақы. Сондықтан өміршең. Қан­шама атамыз бен әжеміз, аға­мыз бен жеңгеміз, батырымыз бен ба­ғыланымыз айтып жеткізген ғұ­мырлы ән.

Исатай мен Махамбеттің, Қал­ды­бай мен Ажардың, Еділ мен Теп­тердің көзіндей болған қасиетті ән! Тарихи кезеңнен тарихи ке­зеңге талмай жеткен тарихи ән!

Ғайниды тек әдемі қыз, Сегіз сері ән арнаған айрықша қыз деп қана бағалау – обал. Ол – өзінің ата-қонысын, елі мен жерін қолы­на қару алып қорғаған қаһарман қыз. Азаттық үшін атқа қонған ба­тыр ару. Сондықтан оның өмірін, ерлігін, аруағын сыйлау – бізге парыз”.

“Шабыт келсе, ер қалмас бойды тежеп,

Жыр айтарда тұра алмас ешкім бөгеп.

Бұл қисса – “Қыз сипаты” өз алдына,

Шығарған Ғайни қызға әнім бөлек.

Он жастан бастап жырдан шаштым жеміс,

Даңқыма Үш жүз халқы қанық тегіс.

Сұлуға Ғайнижамал қисса арнаған,

Ақыны орта жүздің есімім – Сегіз”, – деп бір ән ғана емес, тұ­тас дастан арнаған Сегіздің “Ғай­ни” әнін шығарғанына шүбә келті­ріп, оны басқа біреуге теліген, өзін өнертанушы деп есептейтін Е.Тө­леутайдың әйтеуір елді елең еткі­зер “жаңалық” ашсам деген мы­сық тілеуі қазақ өнеріне деген жанашырлық емес. “Ғайни” – Се­гіз серінің төлтума әні. Оны сан сақ­қа жүгіртіп, басқа әншіге теліп, абырой таппайтынымыз хақ.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp