Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 503 жүкті әйел коронавирус жұқтырды, салдарынан бір шақалақ шетінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, жыл басынан аяғы ауыр 503 әйелде коронавирус анықталған. Олардың 483-і тәуір болды. Қазір 20-сы дәрігерлердің бақылауында болса, 14 әйел стационарлық ем алып жатыр.
«Жансақтау бөлімінде жатқан үш әйелдің екеуінің жағдайы өте ауыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Тек шілде айында жағдайлары ауыр және өте ауыр 18 жүкті әйелдің өмірі үшін күрестік. Аналарды аман алып қалу үшін босанатын уақыты жетпесе де кесір тілігін жасауға тура келді. Шақалақтардың бәрі шала туған, салмақтары өте кішкентай. Өкінішке орай 770 грамм болып кесір тілігімен туған баланы аман алып қала алмадық», – дейді Нұрлан Айманов.
Дәрігердің айтуынша, әсіресе аяғы ауыр әйелдер, қарт адамдар мен балаларсақтанып жүруі қажет.
«Тағы да айтамын, КВИ-дің нақты емі жоқ. Алайда вакцина арқылы оның зардабын жеңілдетуге болады. Ауырып түскендердің тек 1,5 %-ы ғана вакцина алғандар. Олардың ішінде оттегі баллонына тәуелділер жоқ. Әдетте сырқаттар жансақтау бөлімінде жатпаса, 14 күннен кейін үйлеріне жіберіледі. Ал вакцина алғандар алтыншы күні стационардан шығып жатыр.
Жүкті әйелдер, балаларға вакцина қойылмайды, сондықтан олар қауіп-қатер тобында. Қоғамдық орындарға, той-томалаққа бармай күтінген жөн, өйткені оларда КВИ ауыр өтеді», – дейді Нұрлан Айманов.