Облыстың тәртіп сақшылары кәсіби даярлықтарын шыңдау жаттығуларын жалғастыруда. Жыл басынан полиция департаментінің жеке құрамының қатысуымен екі мыңнан астам дәріс өткізілді.
Полиция қызметкерлерін кәсіби даярлау барысында күрестің жауынгерлік тәсілдері, дене шынықтыру дайындығы сабағы, практикалық ату, әлеуметтік-құқықтық пәндер бойынша дәрістер қамтылады. Полиция департаменті арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанат Сағденов атап өткендей, бүгінде тәртіп сақшыларына жоғары талаптар қойылады. Олар заң мен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін ғана біліп қоймай, жан-жақты болулары тиіс. Сондай-ақ Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын қолдана алу, ең бастысы, оқыс жағдайларда тиімді іс-қимыл жасай білу де маңызды міндеттерінің бірі.
Әсіресе дәріс үстінде полицейлердің атыс даярлығына ерекше көңіл бөлінеді. Жас қызметкерлер қару пайдалану машықтарын игеріп, атудың кәсіби тәсілдерін үйренеді. Мұнда тәлім алушыларға арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының тәжірибелі нұсқаушылары көмекке келеді.
Жыл басынан облыс полициясының жетекші бөлімдерінің 200-ден астам қызметкері “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының базасында оқу-жаттығу жиындарына қатысқан. Жаяу патруль құрамында қоғамдық тәртіпті күзетуге шығатын қызметкерлердің жан-жақты дайындығына да ерекше көңіл бөлінеді. Олар күрестің жауынгерлік тәсілдерін пысықтап, арнайы құралдарды және атыс қаруын қолдану ережелері бойынша қосымша сабақтарға қатысады.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық полиция департаменті сыртқы және ішкі коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.