Өңірдегі 462 мектептің жаңа оқу жылына әзірлігі, оларда жылы дәретханалар мен бейнебақылау жүйесінің бар-жоғы тексерілді. Солтүстік Қазақстан облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметі бойынша кейбір білім ордаларының талапқа сай жұмыс істемейтіні анықталды. Кемшіліктердің бірі – мектептерде ыстық тамақтың берілмеуі.
Департамент мамандарының айтуынша, бұл мәселе негізінен ауылдың шағын жинақты және негізгі мектептеріне қатысты. Бала саны аз болғандықтан кәсіпкерлерге мектеп асханасын ұстау тиімсіз. Тағы бір мәселе – медициналық кабинеттердің болмауы. Оған ақ халатты мамандардың жетіспеушілігі себеп. 9 мектепте мұндай кабинет мүлдем қарастырылмаса, 130-ында қызмет медициналық ұйыммен келісімге отыру арқылы жүргізіледі.
Биылға жоспарланған күрделі жөндеу 17 мектепте мерзімінен кеш басталған. Салдарынан құрылыс жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтап үлгермеуі мүмкін. Барлық мектеп интернетке қосылған, компьютерлермен қамтамасыз етілген. Бірақ кейбірінде ғаламтордың жылдамдығы өте төмен болғандықтан жұмыс істеу қиын. Білім ордаларының бәрі дерлік ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Бірақ олардың басым бөлігі техникалық талаптарға сай емес. Мамандар облыстағы 73 мектеп білім ордасына бейімделген ғимаратта орналасқанын, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы нашар екенін, талапқа сай болу үшін қосымша оқу кабинеттері қажет екенін жеткізді. Жылы дәретхана барлық мектептерде бар болғанымен, кейбіріне су тартылмаған, тағы біразы ұлдарға және қыздарға деп бөлінбеген. Кешенді мониторинг қорытындысы жергілікті атқарушы органдарға жіберілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.