«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘЙГҮЛІК ТІЗГІНДЕГЕН СҰЛУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұратын Асыл Ахметова 12 жасынан бері аттан түспей, жылқы бағып келеді. Кейінгі кездері жылқышы қыздың ауылдың шынайы өмірін бейнелеген интернеттегі жазбалары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сәйгүлік жаратып, бәйгеге шапқан бойжеткенге шетелдіктер де сүйсіне қарауда.

Жастайынан қылқұйрықты жа­нуардың бабын тапқан бойжет­кен оқуын аяқтаған соң қаланы тастап, ауылға тартып отырғанына еш өкінбейді. Ауылда 7 үйір жылқы бар. Асыл қысы-жазы әкесімен бірге қылқұйрық­тың соңында жүреді. Аттың құла­ғында ойнайтын бойжеткен ала­ман бәйгелерге де қатысқан екен. Мамандығы – информатика пәнінің мұғалімі. Оқытушылық жұмысын да тастамай, қатар алып жүр. Қолы қалт етсе, ұлттық дәстүр, туған ауылы жайлы бейнероликтер түсіреді. Мақсаты – қазақтың дәстүр-салтын дәріптеу.

– Кішкентай кезімнен бастап жылқы малына жақын болып өстім. Ылғи қастарында жүргім келеді. Арамызда көзге көрінбейтін бір байланыс бар, – дейді Асыл.

Қыстың үскірік аязы мен жаздың аптап ыстығында жылқы бағу оңай шаруа емес. Дегенмен Қамбар ата төлін жақсы көретін Асыл барлық кедерлігерді оңай еңсеріп келеді. Жылқышы қыз үшін үйірдегі әр қылқұйрықтының орны бөлек. Әкесі Есенғали Ахметовтің айтуынша, бәрінің дерлік мінезін біледі. Себебі құлын кезінен баптаған.

Асылдың жаны жасандылықты сүймейді. Өзге қыздар сынды опадалап, әшекей бұйым, жылтыраққа қызықпайды. Бастапқыда анасы ерке өскен қызының құрық ұстауына қарсы болыпты.

– Әкесіне тартқан. Жылқы десе жанын қоярға жер таппайды. Тыпыршып үйде отыра алмайды. Басында қарсы болдым, кейін баланың көңілі қалмасын деп рұқсат бердім. Қалада оқып жүргенде немесе жол жүріп келгенде бірінші кезекте жылқы­ларды сұрайды. Үйге кірместен қораға қарай жүгіреді, – дейді анасы Мәрзия Ахметова.

Асыл болашақта ауылды дамытып, ұлттық кәсіп пен салт-дәсүрді насихаттайтын туристік орталық ашқысы келеді. Сондай-ақ жылқышы қыз желмен жарысқан сәйгүліктерімен бірге тарихи киноға түссем деп армандайды.

Эльмира КӘЛЕНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp