Солтүстік Қазақстан облысындағы Бірлік ауылында құтырма ауруының тіркелуіне байланысты шектеу шаралары қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, Есіл ауданы Бірлік ауылында түлкінің өлексесі табылған. Оқиға орнына жеткен мамандар сараптама алып, түз тағысының құтырма ауруынан өлгенін анықтады.
«Құтырма ауруының табылуына байланысты ауылға шектеу шаралары енгізілді. Дезинфекция жүргізілді. Ит-құсқа, малған жұқпалы ауруға қарсы вакцина егілді. Қазір жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Түлкінің өлексесі сәуір айында табылған еді. Ауылдық округ әкімінің шектеу шараларын енгізу туралы шешімі әділет органдарында ұзақ уақыт бойы тіркеуде жатты.
Сондықтан бұл шаралар енді ғана қолға алынып жатыр», – дейді СҚО ветеринария басқармасының бөлім жетекшісі Қайырлы Қазанов.
Жалпы СҚО-да биылдыққа мал мен үй жануарларының құтырмаға шалдығуының 11 дерегі тіркелді. Жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында 26 мың малға екпе салынды. Жыл соңына дейін тағы 30 мыңнан астам үй жануарына вакцина егілмек.
Бұған дейін Уәлиханов ауданы Мортық ауылында он шақты бұзаудың қарасанға ұқсас аурудан қырылғанын айтқан едік.
https://www.inform.kz/