«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙДЫҢ-КҮННІҢ АМАНЫНДА АДАСҚАНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл сайын елімізде мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалады. Ресми деректерге көз салсақ, Қазақстанда соңғы бес жылда 17 мыңнан астам адамға іздеу жарияланса, соның 6 мыңнан астамының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Үстіміздегі жылдың басынан облысымызда 269 адам жоғалып, соның 4-інен әлі хабар-ошар жоқ. Айдың-күннің аманында адамдардың жоғалуына не себеп?

Соңғы кездері адам жоғалғаны жайлы хабарламаларды әлеуметтік желіде жиі байқаймыз. Еріктілер жоғалғандардың суреттері мен түрлі мәліметтерін жариялап, көмек сұрап жатады. Жоғалған адамдарды іздестірумен негізінен полиция қызметкерлері мен еріктілер айналысатыны белгілі. Мәселен, биыл өңірде жоғалған 181 адамды полиция қызметкерлері бір тәулікте анықтап, 84-інің жүрген жері араға апта салып қана белгілі болған. Кейде іздеу шараларына төтенше жағдай қызметкерлері де тартылады. Көп жағдайда жоғалғандардың өмір сүру салтына қарап, оларды қай жерлерден іздеу қажет екенін анықтауға болады. Мамандардың айтуынша, есте сақтау қабілетінен айырылғандарды іздеу қиынға соғады. Олар негізінен сапаржай, медициналық мекемелер, бейімдеу орталықтары мен қабылдап-тарату орындарынан табылып жатады.

Жақында қалалық полиция басқармасына зейнет жасындағы әйел телефон шалып, жолдасының жоғалып кеткенін хабарлаған. Ер адам үйден көлікпен кетіп, қайтып оралмаған. Бұл іске бірден учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, полицияның көмекшілері, еріктілер жұмылдырылды.

– Ер адамды үш күн іздестірдік. Бейнебақылау камераларын тексеру кезінде жоғалған адамның көлігімен саяжай жаққа бет алғанын байқадық. Саяжай учаскелерін тексеру кезінде автокөлік көзге түсті. Ер адам сол жерде таныстарымен бірге ішімдік ішіп отырған жерінде табылды. Әйеліне хабарласпауының себебін ұялы телефонының қуаты таусылып қалғанымен түсіндірді. Өзіне іздеу жарияланғанынан хабарсыз екен. Айтуынша, жолдастарымен көңіл көтергілері келген. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үйіне қайтарылды, – дейді облыстық полиция департаменті сыртқы және ішкі коммуникациялар бөлімінің инспекторы Нұрбек Баекин.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі орын алады. Алайда адамдардың жоғалып кетуінің өзге де себептері бар. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ішкілікке салыну, жұмыссыздық, отбасындағы кикілжің үйден безінудің басты себептері болып табылады. Балдырғандардың басым бөлігі ойынның қызығына беріліп кеткені сондай, үйлерін таба алмай қалады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар да ата-анасынан кетіп қалуы мүмкін. Тағы бір тобы үйінен береке таппай, ет жақындарынан безінеді. Тіпті тұрмыстық қиындықтарға байланысты қаңғыбастардың қатарына қосылғандар да бар. Іссапарға, маусымдық жұмыстарға шығатын немесе вахталық тәртіппен жұмыс істейтін, қаңғыбастыққа бейім және психикалық ауруға шалдыққан ересектердің жоғалуы да жиі орын алады.

Хабар-ошарсыз жоғалған адам табылғанға дейін іздестіру жұмыстары тоқтамайды. Себебі – заңда хабарсыз кеткендерді іздестірудің нақты мерзімі көрсетілмеген. Егер жоғалған адам үйіне оралса, бұл туралы бірден полицияға хабар беру керек. Елімізде жоғалған жандарды іздеуге өзіндік үлесін қосып жүрген ұйымның бірі – “Лидер.кз” еріктілер қозғалысы. Қазіргі таңда бұл ұйымның мүшелері Қазақстанның 17 қаласында жұмыс істейді. “Лидер.кз” көрші Өзбекстан мен Ресей еріктілерімен өзара байланыс орнатып, түрлі төтенше жағдайлардың зардабын жоюға да белсенді қатысады.

– Полицияға адам жоғалғаны жайлы өтініш түскен соң олар бізге хабарлайды. Бірлесе көтерген жүк жеңіл демекші, неғұрлым көбірек адам жұмылып іздеуге кіріссе, табу мүмкіндігі артады. Біз, көбінесе, техника бара алмайтын жерлерді тексеруге көмектесеміз. Бірден жақындарымен және таныстарымен хабарласып, жоғалған адамның қайда болуы мүмкін екенін жобалап, еріктілерге бағыт-бағдар береміз. Ақпаратты әлеуметтік желілерге салып, интернет пайдаланушылар арасында таратамыз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлама таратудың да кейде пайдасы тиіп, жоғалған адамдар табылып жатады. Еріктілер ақпаратты интернетте таратуға, көшеге суреттерін ілуге, қажет жағдайда жаяу жүріп іздеуге атсалысады. Өңірімізде жоғалған адамдардың қатарында жасөспірімдер мен қарттар көп. Балалар, көбінесе, достарының үйінен, жалға алынған пәтерлерден табылып жатады, – дейді “Лидер.кз” еріктілер қозғалысының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Кристина Ашпекова.

Ерікті қыздың айтуынша, кейбір жасөспірімдердің бөтен адаммен әлеуметтік желі арқылы танысуы үйден кетуіне себеп болып жатады. Олар виртуалды әлемдегі таныстығын шынайы өмірде жалғастырғысы келіп, кездесуге уағдаласады. Ата-аналарының рұқсатынсыз бірнеше күн бойы жаңа танысқан адамымен бірге болады. Сондықтан психологтар әр ата-ана баласының әлеуметтік желіде кіммен сөйлесіп жүргенінен хабардар болуы керек екенін айтады. Тәжірибелі психолог Айман Сатыбалдина осындай келеңсіз жағдайларға тап болмау үшін ата-ана баламен жақын болуы керек деген пікірде. Ең бастысы, ата-ана мен бала арасында сенім болуы тиіс. Көп жағдайда жасөспірімдер өтпелі кезеңде үлкендерге бағынғысы келмей, өздері ересек болып көрінуге, өздігінен шешім қабылдауға тырысады. Үйден кетіп қалуға да осы жайт итермелейді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp