Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласында 100-ден астам бала жаңадан ашылған шығармашылық орталығында қолданбалы өнер, өлкетану, робототехника үйірмсіне қатысуда. Орталықта балаларға бизнес саласы бойынша да дәрістер оқылады. Ең бастысы, бұл үйірмелердің барлығы тегін және балаларға бес бірдей білікті маман сабақ береді.
Қолданбалы өнер үйірмесінде бала қиялына қанат бітіп, қағаз, пластик, ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Орталық мамандарының басты мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру. Үйірмеге қатысушының бірі – Бахтияр Тілеуіп орталықта шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік бар екенін айтады. Мұнда олар ағаштан түйін түйіп, түрлі мүсіндер жасайды.
200 балаға шақталған шығармашылық орталық үстіміздегі жылдың қаңтар айында ашылған болатын. Осы уақыт аралығында орталыққа келушілердің қатары көбейе түскен. Жыл соңына дейін тағы 50 шақты баланы қабылдау көзделіп отыр.
– Орталықта балалар шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ой-өрісін кеңейтеді. Ата-бабаларымыз баланы жастайынан өнерге баулыған. Бұл жерде алған білімдері балаларға кейін тұрмыста қажет болады. Ата-аналар да орталықтың ашылғанына қуанышты, – деді “Алтын ұрпақ” шығармашылық орталығы директорының міндетін атқарушы Әлия Тілеуіп.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ.