Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында 2021-2022 жылғы жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында жауапты ведомстволардың басшылары және Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдері жауапты кезеңге дайындықтары жайлы баяндады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, Петропавл жылу-электр станциясындағы 12 қазандықтың 4-еуі, 7 турбинаның 5-еуі күрделі жөндеуден өтті. Тағы 5 қазандық пен 1 турбина жоспарға сай жөнделмек. 7-інші қазандықтың жылыту жүйесі жаңғыртылды. 2-інші турбинаны талапқа сай модернизациялау жүріп жатыр. Барлық жұмыстар кестеге сай, уақытында орындалуда. Қазіргі күні қоймада 103 мың тонна көмір мен 726 тонна мазут бар. Жылыту маусымы басталғанға дейін 176 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған.
– “Солтүстік Қазақстан электр-желілік тарату компаниясы” АҚ-ға қысқа дайындыққа 11 млрд. 81 млн. теңге бөлінді. 953 шақырым электр желісінің 356 шақырымы және 94 подстанцияның 48-і жөнделді. Бұған қоса, “Көкшетау Энерго” ЖШС-і электрмен жабдықтау жұмыстарына 443 миллион теңге бөлген. Бүгінгі күнге дейін 1156 шақырым желінің 647-і және 234 подстанцияның 124-і жөнделді. “Петропавл жылу желілері” мен “Қызылжар су” кәсіпорындары да құбырларды жөндеп, жоспарға сай жұмыс істеуде, – деді Бақыт Ілиясов.
Бүгінгі күнге дейін облыстағы 604 білім беру мекемесінің 541-і, яғни 90 пайызы қысқа дайын. Денсаулық сақтау саласындағы нысандардың 88, мәдениет ошақтарының 92 пайызы жылыту маусымына сақадай-сай.
Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, шаһардағы 1299 көпқабатты үйдің жылу құбырларын тазартып, қысыммен тексеру керек. Былтырғы маусымда баспаналардың суық болуы – тұрғындар мен пәтер иелері коперативтерінің немқұрайдылығының кесірінен орын алған жайт. Қазіргі күні облыс орталығындағы 722 үй қысқа дайындық паспортын алған. Бұл жұмыс 56 пайызға ғана орындалғанын көрсетеді. Құмар Ақсақалов бұл бағыттағы жұмыстарды босаңсытпай, өз уақытында атқаруды қатаң тапсырды. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың да жылуға уақытылы қосылуын бақылау қажет.
Жалпы өңірдегі бюджеттік мекемелерді жылытуға 144 мың тонна көмір қажет болса, қазіргі күні 94 мың тоннасы ғана жеткізілген. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктерге қимылды ширату тапсырылды. Ал жеке үйлерді жылытуға облыс бойынша 391 мың тонна көлемінде қара отын керек болса, қазіргі күні теміржол станцияларына жеткізілгені 258 мың тонна. Яғни 66 пайызға тең. Көмір бағасы 8700 бен 17500 теңгенің арасында. “Жергілікті атқарушы билік өкілдері тұрғындарға қысқа ерте қамдану туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет”, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бүгінгі күнге дейін өңірдегі 491 қазандықтың 395-і жылыту маусымына дайындалды. Аудан орталықтарындағы орталық жылыту желілеріне 59 мың тонна көмір қажет. Аудан әкімдеріне қажетті қорды уақытында әзірлеу тапсырылды.
Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында жылыту қазандығының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа қазандық елді мекендегі тозған екі орталықты алмастырады. Құмар Ақсақалов аудан әкіміне жылыту маусымы басталғанша жұмысты аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылында жаңа қазандықтың құрылысы басталмақ. Бұл ауылда көпқабатты үйлер көптеп салынып жатыр. Сондықтан жұмыстарды жеделдетіп, нысанды жоспарға сай тапсыру керек. Сонымен қатар Арықбалық, Талшық ауылдарындағы жылыту қазандықтары мен желілердің құрылысы биыл аяқталады.
Жиын барысында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов жылыту маусымы барысында сақтық шараларын ескеру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, өткен маусымда 390 өрт тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға көп. Өрттің 28 пайызы облыс орталығында орын алған. Сондай-ақ Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарында да үйлердің өртенуі жиі тіркеліпті. Отырыста бұрын газдан ажыратылған көпқабатты үйлерді қайта қосу, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың баспаналарына өрт туралы хабар беретін арнайы дабылқаққыштар орнату және коммуналдық төлемдер туралы түбіртектерге өрт қауіпсіздігін сақтау туралы ақпарат жазу және арнайы жадынамалар тарату туралы ұсыныс жасалды.
Жиын соңында облыс әкімі Петропавл қаласындағы жаңа шағынаудандарды да орталық жылу желісіне қосуды жылдамдату туралы тапсырма берді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін қадап айтты. Аудандарда көмірді жеткілікті мөлшерде дайындау, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды екенін ескертті.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.