Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің “Facebook” парақшасындағы жаңа оқу жылында оқушыларға бірыңғай мектеп формасымен қатар классикалық стильдегі киімді киюге де рұқсат берілетіні жайлы жазбасы облыс тұрғындары арасында да әрқилы пікірлер туғызды. Араларында бұл ұсынысты қолдайтындары да, келіспейтіндері де бар. Осы мәлімдемеге байланысты облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі Мафруза Науанова түсініктеме берді.
Елімізде бірыңғай мектеп формасы 2003 жылы енгізіліп, былтырғы пандемияға дейін бұл талап жүйелі түрде сақталып келді. Ұлдар үшін ақ жейде, қаракөк пиджак, желет және шалбар, ал қыздар үшін ақ жейде, желет, белдемшеге қоса шалбар да болды. Ондағы мақсат – киім арқылы жалпыға ортақ мінез-құлық пен тәрбиені қалыптастыру, киім кию үлгісінде айырмашылыққа жол бермеу, оқушыларды бір-бірінен оқшаулануына, өздерін тең дәрежеде сезінуіне мүмкіндік жасау. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөнінде министрліктің бұйрығы жарияланып, қандай да бір дінге қатыстылықты айқындайтын киім элементтерін қосуға жол берілмейтіні нақтыланды. Сол кездері қоғамның қызу талқысына түскен бұл мәселе бойынша зайырлы мемлекет үрдістеріне сай бірден-бір дұрыс шешім қабылданды. Мектеп формасының түсін, пішінін таңдауда білім беру ұйымдарына, ата-аналарға, оқушыларға еркіндік, дербестік берілді.
Министр жаңа оқу жылында оқушылардың қандай киіммен мектепке баратынын нақтылап берді. Ол өз сөзінде пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болғанын айта келіп, енді елдегі барлық жағдайларды, оның ішінде пандемияны ескере отырып, оқушыларға мектеп формасымен қатар классикалық үлгіде киінуге де рұқсат берілетінін жеткізді. “Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Педагогтар да мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынына, мектепке баратын оқушылармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретініне, олардың арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетініне сенімді. Көбі мектеп формасын жақтайды. Бірақ оны қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, классикалық стильдегі киіммен де келуге рұқсат бердік”,– деп жазды Асхат Аймағамбетов.
– Бұл шешімді қабылдарда Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай бірінші кезекте ескерілгенін баса айтқан жөн. Барлық өңірлерде карантиндік шектеу шаралары күшейтілгендіктен, сауда орындары мен дүкендер белгілі бір уақыттарда ғана жұмыс істейді. Ата-аналар мектеп формасын сатып алу үшін сауда орындарына жаппай баратын болса, ұзын-сонар кезек қалыптасып, вирус жұқтыру ықтималдылығы арта түсетіні, сақтық шаралары ұмытылатыны сөзсіз. Екіншіден, отбасылық бюджетке қосымша салмақ түсуі мүмкін. Өйткені бірыңғай үлгіде киіну бағаны шарықтатып жіберуі ықтимал. Осы себепті келесі оқу жылына дейін мектепке арнайы формамен немесе классикалық стильде бару – әркімнің өз еркі. Ең бастысы, коронавирустық ахуалды объективті бағалау, ықтимал тәуекелдерді жан-жақты қарастыру өте маңызды. Еркін киім үлгісі енгізілсе, оқшылар үлде мен бүлдеге оранып, қымбат киімдер жарысына айналып кетпей ме деген күдік-күмән тудырушыларға айтарым, классикалық үлгіге қойылатын өзіндік талаптар бар. Басты шарттар – қарапайымдылығы, бойға қонымдылығы. Облыс тұрғындарының көбі министрліктің шешімін бірден-бір дұрыс қадам ретінде бағалап отыр, – дейді Мафруза Науанова.
Әлем елдерінде де мектеп формасына қатысты ұстаным әрқилы. Ұлыбритания алғаш мектеп формасын енгізген ел саналады. Онда мектеп киіміне аяқ-киім мен шұлыққа дейін кіреді. Францияда мектеп формасы 1927-1968 жылдар аралығында ғана болған. Германияның бірыңғай киім үлгісін алып тастағанына жарты ғасырдан асты. АҚШ пен Канадада бірізділендірілген форма жоқ. Индияда, Кубада бұл міндетті талап.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.