Солтүстік Қазақстан облысы автомобиль жолдарындағы шекаралық бақылау бекеттері арқылы соңғы сегіз айда мыңнан астам шетелдік ПТР тестілеусіз өтпек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шетелдерден келген адамдардың арасында КВИ жұқтырғандар тіркеліп жатыр.
2020 жылдың 6 қазаны мен 2021 жылдың 9 тамыз аралығында Ресей Федерациясымен шекаралас автомобиль жолдарындағы ҰҚК-нің шекаралық бақылау бекеттері арқылы 212 779 адам өткен. Оның ішінде жолаушы – 104 475 адамда ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі көрсетілген анықтамалары болған. Қазақстанның 5016 азаматында тиісті анықтама болмаған. Олар COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарларға орналастырылды. Нәтижесінде КВИ-ге оң нәтижемен 313 адам анықталды, оның ішінде 39 адам инфекциялық стационарға орналастырылса, 274 адам амбулаториялық емдеуге жіберілді.
9 тамызда Ресеймен шекаралас автомобиль жолдарындағы шекаралық бақылау бекеттері арқылы 973 адам өткен. Жолаушылардың 729-да ПТР-талдаудың теріс нәтижесі көрсетілген анықтама болған. Анықтамасыз келген 8 қазақстандық карантиндік стационарларға орналастырылып, ПТР-талдау әдісімен COVID-19-ға тексерілді. 1 шетел азаматына кіруге тыйым салынды.
Жалпы соңғы сегіз айдың ішінде 1081 шетелдік азаматқа COVID-19-ға ПТР-тестілеу туралы анықтаманың болмауына байланысты елге кіруге тыйым салынды.
Шетелден осы аралықта вакцинациялаудың толық курсын алған 6385 қазақстандық кірген, оның 4671-і жолаушы болса, 1714-і – жүк тасымалдаушы.
https://www.inform.kz/