“Egemen Qazaqstan” газетінде жарияланған ғалым, публицист, қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлінің “Тарихқа хайп емес, байып керек” деген мақаласы мені терең ойға жетеледі. Мен де өңіріміздің бас басылымы – облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің оқырмандарымен ой бөлісуді жөн көрдім. Нақтырақ, “Қазақ даласында” атты құнды еңбекпен таныстырғым келеді.
Бұл кітап – 2020 жылы еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында жарық көрді. Алаш жұртының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын еуропалық көзқараспен қызықты етіп ақ қағазға түсірген Джон Уорделлдің бұл туындысын біздің жерлесіміз, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ұстазы Мәдина Анафинова Англиядан алып келіп, қызметтес ғалымдармен ақылдаса отырып, қазақ және орыс тілдеріне аударды. Енді баршамызға бұл құнды еңбекті оқуға мүмкіндік туып отыр.
Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл кітаптың авторы – жазушы емес, ағылшын инженері Джон Уилфорд Уорделл. Тарихи туындының алғысөзінде автор Қазақстан халқының болашақ ұрпағына әлемдегі кең далалы аймақтардың бірі туралы өзінің жолжазбалары мен алған әсерлері қызықты болатындығын жазған. Бұл еңбектен оқырмандар жүз жыл бұрынғы қазақ даласындағы жағдайды өз көзімен көргендей әсер алары сөзсіз. Сондықтан біз үшін тарихи туындының маңызы ерекше.
Кітапта бірінші дүниежүзілік соғыс және азамат соғысы өршіген қазақ өлкесіндегі жағдай мен Ресей империясының отарлық езгісіндегі Алаш жұртының хал-ахуалы суреттеледі. Бұл еңбек – 1961 жылы Лондонда ғылыми айналымға енген. Онда сол кездегі фотосуреттер мен карталар кеңінен көрініс тауып, қазақтардың тұрмысы, мәдениеті, өлкенің табиғаты ғана емес, сондай-ақ 100 жыл бұрынғы Солтүстік Қазақстандағы тарихи оқиғалар, экономикалық жағдай, өнеркәсіптің дамуы сипатталған. Кітаптың бір ерекшелігі, Джон Уорделлдің құжаттарында тарихи деректер мен шындық қатар өріліп, сол кездегі Солтүстік Қазахстан өңірі туралы өзіндік көзқарас орайлы жеткізілген. Кітапты оқи отырып, қазақ халқының өмірі, тұрмыс-тіршілігі және мәдениеті терең зерттеліп жазылып, нақты әрі толық дәрежеде суреттелгеніне таңғаласың. Оқырман еріксіз ұлы өзгерістер кезеңіндегі тарихи оқиғалардың қыр-сырына тап болады.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,
еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.