Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының тұрғыны бақшасында қауын-қарбыз өсіріп, өнім алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Явленка елді мекенінің тұрғыны Ғани Ердосов оңтүстік өңірдің тумасы.
Былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударды. Түркістан облысында ол 30 жылға жуық бағбандықпен айналысқан екен. Қауын-қарбыз өсіруді жетік меңгерген ер адам енді сол білімі мен тәжірибесін жаңа мекенде қолданбақ.
Жылу сүйгіш өсімдіктер солтүстік өңірдің ауа райында әдетте өсе қоймаса да, білікті маман орайын тауып, бұл жерде бағбаншылықты дамытпақ.
«Бағбаншылықпен бұрыннан айналысамын. Оңтүстікте менің өз бақшам болатын. СҚО-ға келгеннен кейін өзім білетін іспен айналысуды жөн санадым. Маған бұл жерде өте ұнайды, тамаша. Топырағы құнарлы, бірақ ауа райы салқынырақ. Жаз ыстық болған жағдайда жақсы өнім алуға болады.
Биыл аудандық әкімдік ұйымдастырған конкурсқа қатысып, 14 га жерді алдым. Келесі жылы ол учаскеге қауын-қарбыз егемін», – дейді Ғани Ердосов.
Бағбандық – отбасылық кәсіп. Бақшаны күтіп баптауға Ғаниге ұлдары көмектеседі. Екеуі студент болса, екеуі мектепте оқиды. Әйелі – медбике.
«Тамшылатып суару әдісін қолданған жөн. Ол үшін ұңғыма қаздырамын.
Қарбызды 10 күнде бір рет, бірақ шөлі қанғанша суару қажет. Бір түпке орта есеппен 5-7 литр су керек. Аса күтімді де қажет етпейді. Биыл бұл жақта бірінше рет еккендіктен қарбыздың «голланд» сұрыпы және «түрікмен» қауынын таңдадым. Олар осындай ауа райына бейімделген, жақсы жетіледі», – дейді Ғани Ердосов.
Бағбанның айтуынша, Солтүстік Қазақстанда да қарбыз бен қауыннан жақсы өнім алуға болады. Бірақ ол үшін қажетті технологияны сақтаған жөн. Яғни ауа райына бейімделген сұрыпты таңдап, дұрыс суарып, топырақты мезгілінде минералды тыңайтқыштармен байытып отыру керек.
https://www.inform.kz/