Солтүстік Қазақстан облысында жеті айдың ішінде отбасылық жанжалға қатысты мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 429 тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрыс-керіс, жанжал мен дау-дамай – осының бәрі қаржылық тәуелділік салдарынан туындайтын отбасылық-тұрмыстық қатынасқа қатысты құқық бұзушылықтар. Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу – жергілікті полиция қызметі инспекторлары жұмысындағы басымдықтардың бірі. Бұл бағытта мамандандырылған 15 инспектор жұмыс істейді.
«Талдауды негізге алсақ, көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны әйелдер екен. Әйелдер жария етуден қорыққаннан әрі ерлерін аяғандықтан отбасылық зорлық-зомбылықтың бестен бірі ғана мемлектік органдарға аян болып жатады. Полиция тарапынан отбасылық жанжалқойларды сабасына түсірудің тиімді әдісі – оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту», – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
СҚО-да жеті айдың ішінде отбасының шырқын алған 1148 адам жауапкершілікке тартылды. Оның 429-ы қамалып, 137-сіне ескерту жасалды және 60-ына айыппұл салынды.
Қанат Айтбаевтың айтуынша, мұндай қылмыстардың жасалуына көп жағдайда маскүнемдік себеп болып жатады. Жыл басынан облыс бойынша алкогольге қатысты заңнаманы бұзудың 7 мыңдай дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 5445 литр алкоголь алынды. 484 маскүнем есепке қойылды. 137 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Алайда отбасылық жанжалдарға учаскелік инспекторларды шақыру азаяр емес, әсіресе демалыс және мереке күндері шақыртулар көп түседі.
Құқық бұзушыға әкімшілік ықпал ету мақсатында қорғаныс ұйғарымы беріледі. Бұл жәбірленушінің ізіне түсуіне, оған қатысты ауызша не жазбаша сөйлесулерге жол бермейді. Жыл басынан облыс бойынша 1637 қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Оны бұзғаны үшін 86 жанжалқор әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарды үндемей қалмай, полицияға: инспекторларға және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторларына жүгінуге шақырады. Облыс орталығында «Между нами говоря» @mejdunamigovory Тelegram-каналы құрылды, сондай-ақ Петропавл қалалық полиция басқармасының 8-708-432-45-61 WhatsApp нөмірі жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда бүгінгі күні «102» мобильді қосымшасы арқылы (ҚР ІІМ App Store және Google Play ресми қосымшасы) бейнеқоңырау не хабарлама жазумен жүгінуге болады.
https://www.inform.kz/