Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ағымдағы жағдай туралы мамандар баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлованың айтуынша, тұрғындардың арасында жауапкершілігі төмен, айналасындағылардың денсаулығы мен өміріне бей-жай қарайтындар бар. Бұл адамдар Ashyq жобасы арқылы анықталып жатыр.
Өңірде қазіргі уақытта санитариялық талаптарды бұзған 150 адамға қатысты әкімшілік материал дайындалу үстінде, кейін аумақтық басқармаға оларды жауапкершілікке тарту үшін жіберіледі.
«СҚО-да қазіргі уақытта Ashyq жобасына 7 857 нысан қосылған. Бұл нысандарда біз қандай да бір олқылықтарды анықтаған жоқпыз. Кешегі күнге дейін «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 237 адам анықталған. Соның ішінде «қызыл» мәртебесі барлары – 116 адам, қалған 121-і «сары» мәртебесі барлар. Оларға 237 ескерту берілді.
28 талапты бұзушыға әкімшілік материал толтырылып, орындау үшін аумақтық басқармаға жіберілді. 8 адамға айыппұл салынды. Ол толық төленді, айыппұл мөлшері 218 мың теңге», – дейді Татьяна Горлова.
Маманның айтуынша, өте жауапсыз адамдар бар. Олар өздерінің КВИ жұқтырғанын білсе де үйде отырмай, бір күнде 4-5 қоғамдық орында болған.
Мұны Ashyq бағдарламасы көрсетіп отыр.
«Егер бұған дейін қытайлық штамм жұғуы үшін ауырған адаммен 15 минут үзіліссіз байланыс болуы керек десек және инкубациялық кезең 14 күнді алса, қазір «Дельта» штамы үшін 15 секунд жеткілікті, ал инкубациялық кезең 5 тәулікке дейін қысқарып отыр. Екі тәуліктің ішінде адамның өкпесі 70-80 %-ға дейін зақымдануы мүмкін. Яғни тез жұғып, тез дамиды, сонысымен де аса қауіпті. Тағы бір ескеретін жайт, онымен жастар көп ауырып жатыр. Балаларға қауіп бар. Сол себепті мен вирус тасымалдаушы екенін біле тұра қоғамдық орындарға – асхана дәмханаларға, фитнес залдарға, қонақ үйлерге баратындарды түсінбеймін. Бұлар жауапкершіліктен жұрдай адамдар», – дейді санитар дәрігер.
Бұған дейін СҚО-да өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелгенін айтқан едік.
https://www.inform.kz/