«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ынтымағы жарасқан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір мыңға жуық тұрғыны бар Архан­гельск ауылында өңір тарихы жайлы тыл­сым сыр шертетін шағын мұражай бар. Ол белгілі кәсіпкер, осы жердің тумасы Петр Вагнердің қаржылық қолдауымен құры­лып, жұртшылықтың мәдени, рухани қаже­тін өтейтін орындардың бірі саналады. Жә­дігерлердің арасынан осы арада Қайран­көл деген қазақ ауылы болғаны, отбасы­лардың саны бес жүзден асып жығылғаны жайлы деректерді кездестіріп, таңданы­сымды жасыра алмадым. Саналы ғұмы­рымның біраз бөлігі осында өтіп жатқан­дықтан округтің тыныс-тіршілігі маған жақ­сы таныс болғанымен, байырғы елді ме­кен жөнінде естімеппін.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев “Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру” бағдарламалық мақала­сын­да “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады”, – деген болатын. Маған туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді деген сұрақ қойылса, Петр Вагнер сияқты азаматтардың жарқын істерге толы үлгі-өнегесін сәтті жалғастырып келе жатқан жерлестерімді алдымен атар едім. Олар­дың қай-қайсысы болсын ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар атқарып, жұртшы­лықтың әлеуметтік мәселелерін шешу жо­лында аянып қалған емес. Елді мекендерді абаттандыруды, жергілікті деңгейдегі та­рихи ескерткіштер мен мәдени нысандар­ды қалпына келтіруді кәдімгі іс, азаматтық борыш санайды.

Округ орталығында жұмысын тоқтатқан пошта бөлімшесінің ғимараты көптен бері иесіз тұрған еді. Осыдан үш жыл бұрын ақ­сақалдар алқасының төрағасы Бақыт Бәукенов оны намазханаға айналдыру туралы бастама көтеріп, ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау тапты. Арнайы құрылған ұйымдастыру тобы “Қазпоштаның” облыстық филиалының басшылығына барып, бұйымтайларын айтты. Ол тарап та келі­сімдерін беріп, үш жылдың ішінде Алла тағаланың жердегі үйінің құрылысы қызу қарқын алып, бір толастамады. Жуық арада пайдалануға берілмек. Қазір тиісті құжаттар рәсімделуде. Оның тұрғызылуына белсене ат салысқан азаматтардың есімдерін атап өтсек, артықтық етпес. Со­лардың бірі – “Роял Групп” ЖШС-нің құрылтайшысы Геворг Карапетян. Оның иелігіндегі бір нысан – асфальт зауыты біздің округте орнығып, 2004 жылдан бері ауылдың өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді. Петропавл – Жезқазған, Келлеровка – Тайын­ша бағыттарындағы жолдарға асфальт жабындысын төсеумен айналысты. Тимирязев, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев аудандарында да қолтаңбаларын қалдырды. Бүгінде 18 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ақсақалдар алқасының өтінішін екі етпей, намазхананың маңайын асфальттауға 4 млн. теңге бөлді. Бұдан бөлек, техникалармен, құм, қиыршық тас се­кілді құрылыс материалдарымен көмектесті. Ауыл тұрғындарының оған деген алғысы шексіз.

Мұндай қамқорлықтан “Ер Агро”, “Мо­лодой Агро” агроқұрылымдарының дирек­торлары Анатолий Шушамоин мен Владимир Никитин де шет қалмады. Әрқайсысы есепшотқа 2 млн., ал “Елім – Қызылжар” ЖШС-нің басшысы Владимир Краков 1 млн. теңге аударды. Жеке кәсіпкерлер Юрий Перепечин – 150 мың, Асқар Мә­диев – 150 мың, Әлішер Оразымбетов – 100 мың, Ерғали Ғабдуллин 100 мың теңгеден демеушілік жасады. Көрші Новокаменка ауылының жұртшылығы “байғазы” ретінде 300 мың теңге табыс етті.

Осындай қолы ашық азаматтардың арқасында Архангельск ауылының экономи­касы өрге басып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсара түскен. Әлеуметтік, мәде­ни нысандар жұмыс істеп тұр. Асфальт жол айнадай жарқырап жатыр. Тұрғын­дардың көңілі шат, келешегі жарқын. малды көптеп өсіріп, бау-бақшамен де шұғылданады. Жаздың қуаңшылығына қарамастан қысқа ерте бастан әзірленіп, жем-шөбін, отын-суын қамдап алған.

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында қанша қиын кезеңдерден өтсек те, азаттықтың туы желбіреген маңызды белес ауылдықтар үшін де ерекше қастерлі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында жазғандай, қа­зақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Ауыл қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Кіндік кескен атамекеннің қасиетін сезіну тәлім-тәрбиеден, нақты істерден басталады. Оны аялау, қастерлеу – түпкі санада. Ынты­мағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел, шаңырағы биік, босағасы берік, керегесі мықты болмақ.

“Ауылына қарап азаматын таны” деп бабаларымыз текке айтпаған. Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз ел десе елеңдеп тұратын жерлестерімнің патриоттық рухымен астас, қанаттас екенін сезінгенде Қазақстанның келешегіне, жасампаздық құдыретіне деген берік сенім беки түседі.

Әлім ТӨЛЕБАЕВ,

ардагерлер алқасының мүшесі.

Қызылжар ауданы, Архангельск ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp