Әлемнің картасында жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан пайда болғаннан бергі уақытқа ойша көз жүгіртсек, ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін демократиялық ел ретінде орнығуы алдағы зор даму стратегиясын, болашағы мен қоғамдағы орнын айқындап берді. Әр жыл халықтың еркі мен ынтымақтастығын білдіретін, тұрмысы мен өмір сапасын арттыруға негізделген нақты бағдарламалармен ерекшеленді. 2004 жыл облыс тұрғындарының есінде қиындықтар еңсеріліп, биік белестерге ұмтылған, қол жеткен жетістіктер еселенген уақыт өлшемі ретінде қалды.
2004 жылы өңірде нендей істер тындырылды? Соған қысқаша тоқтала кетейік. Өнеркәсіпте 29117 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Оның 48 пайызын тағам өндірісі құраған. Машина жасау кәсіпорындары 4495 млн. теңгенің бұйымдарын шығарған. Құрылыс-мердігерлік жұмыстардың көлемі 2838 млн. теңгеге орындалған. 43151 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мал мен құстың басы біршама көбейген. Негізгі капиталға 9865 млн. теңге инвестиция құйылған. Дегенмен қол жеткенге тоқмейілсуге болмайтынын, көптеген мәселелер әлі түйінді күйінде қалғанын облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Тайыр Мансұров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған актив кеңесінде ашық айтып, алда тұрған міндеттерді саралап берді. Келелі міндеттер ішінен өткен ғасырдың 80-ші жылдары жасалған облыс орталығының бас жоспарына өрелі өзгерістердің енгізілгенін атар едік. Шыны керек, ширек ғасыр бойы Петропавл қаласының орасан құрылыс резервтерінің ескерусіз қалғаны таңдандырмай қоймайды. Екіншіден, Қызылжар астанамен әуе қатынасы орнатылмаған бірден-бір өңір екені еріксіз бас шайқатады. Үшіншіден, 700-ден астам елді мекеннің 70-де ғана қоғамдық моншаның жұмыс істейтіні. Төртіншісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін 1390 мұғалімнің 832-сінің ғана арнайы білімі барына күлерсің бе, жыларсың ба? Қалғандары – басқа пән мамандары. Олар оқушыға қандай сапалы білім бермек деген заңды сауал туады. Бұдан былай тіл мұғалімдеріне айлық жалақыға 50 пайыз қосымша ақы төленетін болып шешілді. Бесіншісі, сыртқы көші-қонға, этнодемографиялық ахуалға баса назар аударылуы.
Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен әлемнің ең озық елу елінің қатарына ену идеясы – Президенттің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауының басты мазмұны десе де болады. 2004 жылдың 18 наурызында жарияланған тағы бір тарихи құжат “Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін” атауымен жаңа трендке айналды. Ырықтандыру және бюрократиясыздандыру, әлемдік экономикаға интеграциялану, индустриялық-инновациялық даму, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тұрғын үй құрылысының жаңа саясаты секілді мәселелер алдыңғы қатарға шығарылып, адам әлеуетіне де айрықша маңыз берілді.
Жолдау қағидаттарын талқылауға арналған жиында облыс диқандары жылына орта есеппен 4 млн. тонна астық жинайтынына қарамастан республикалық бюджеттен бөлінетін демеуқаржыға алақан жайып отырғанына төзуге болмайтыны ашық айтылды. Облыстық қазынаға қажет 20 млрд. теңгенің тек 8 млрд.-ы ғана жергілікті жердің үлесіне тиеді екен. Осы себепті салық саясатын жандандыруға ерекше екпін түсірілді. Импорт алмастыру бағытында кәсіпорындар қуатының төрттен бірі ғана пайдаланылады. Осы орайда облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына “2004-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама туралы” өзекті мәселенің тектен-тек шығарылмағанын атап өткен жөн. Өйткені талқылау көңіл құлазытатын көптеген олқылықтарды жайып салды. Мына фактіні айтпай кетуге болмайды. 1996 жылы Беловодье су құбыры жабылғаннан кейін Уәлиханов пен Ақжар аудандарында 48 елді мекен тіршілік нәрінсіз қалған. 73 жалпы білім беретін мектеп жабылған. 121 ауылда қарапайым телефон байланысы, 660 ауылда клуб пен Мәдениет үйі жоқ. 168 ауыл дүкенсіз. Ауруханалардың 85, фельдшерлік-акушерлік бекеттердің 72 пайызының ғимараттары нашар. 496 елді мекеннің экономикалық әлеуеті орташа деп бағаланып, 41-і болашағы бұлдыр санатына жатқызылған. Халық қалаулылары алдағы үш жыл ішінде инженерлік-инфрақұрылым жүйесін жаңғыртуға 3,5 млрд. теңге бөлу, 48 ауылды жергілікті су көзіне қосу, 463 шақырым автомобиль жолын қалпына келтіру, 75 мектепті қайта ұйымдастыру ұсыныстарын қолдады.
Осы жылы жұртшылық көпке дейін айта жүретін, есте қалатын айтулы оқиғалар аз болмады. Солардың бірі – Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау үлкен тартыспен өткенін аңғарамыз. Облыстық сайлау комиссиясының деректері бойынша 19 қыркүйек күні өткен саяси додада 286 мың солтүстікқазақстандық өз таңдауларын жасаған. Мәжіліс депутаттығына 8 саяси партия, 2 сайлау блогы және 3 депутаттық мандатқа 18 кандидат түскен. Бір мандатты округтерден И. Чиркалин, М. Трошихин, Е.Рамазанов депутат болып сайланған. “Отан”, “Асар” партиялары мен “Аист” сайлау блогы көш бастаған.
Кемшіліктерді де айтпай кетуге болмас. Көпшілікті шетелдің су жаңа 130 “Джон-Дир” комбайнын “қылғытпай жұтқан” “Сельхозмеханизация” МКК басшылығының қомағайлығы бейжай қалдырмаған тәрізді. Одан жергілікті бюджет 120 млн. теңге зиян шеккен. “Динамо СК” тігін фабрикасы жұмысшыларының төрт айдан бері жалақы алмай, оның ақыры наразылық акциясына ұласуы жарық күндегі найзағайдай әсер етіп, айды аспанға бірақ шығарғаны анық. Барлық тігін машиналары қаңтарылып, кәсіпорын басшылары қатты сасқаны соншалық, еңбекақы берешегін өтеу үшін пәтерлерін кепілге қойып, несие алуға мәжбүр болған.
2004 жылы Ресеймен өзара сенімге негізделген қос тараптық байланыстың берік жүйесі жасалды. Ресей еліміз үшін маңызды аймақ екенін ортақ геосаяси жағдайымыз, тарихи қоңсы көршілігіміз, шектесетін шекаралық белдеуіміз осыны аңғартады. Қазақстандағы Ресей жылы аясында тағылымға толы жиындарды, естен кетпес кездесулерді санамалап жеткізу қиын. 2003 жылы Н.Назарбаев пен В.Путин кездескенде Омбыға Шоқан ескерткішін сыйға тартатынын айтқан еді. Қыстың қақаған суығына қарамастан ұлтымыздың асыл перзенті, біртуар ұлы, атақты ғалымы, жиhанкез-саяхатшысы Ш.Уәлиханов оқыған, аяғының ізі, қолының ыстық табы қалған Омбы қаласында еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуына жұртшылықтың мол жиналуы туысқан екі халықтың мызғымас достығының белгісіндей жылы әсер қалдырды.
Облыс делегациясының Мәскеуге сапары да нәтижелі болды. Бұл кездесу түсіністік пейіл, ниет болса, шешілмейтін мәселе жоқтығын байқатты. Ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдары кеңінен талқыланып, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату, тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу, астық проблемасын шешу жөнінен келісімдерге қол қойылды. Мәдени-гуманитарлық, тарихи құндылықтар арқау етілген кездесулер мен келіссөздер, бағдарламалар елеулі жетістіктерге жетуімізге негіз қалады, пайдалы пайымдарға толы болды. Мәскеу қаласының сол кездегі мэрі Ю.Лужков жетекшілік еткен делегация облыста болып, жан-жақты байланыстарды нығайту жөнінде келісімдер жасалды. Қазақстан мен Ресейдің мәдениетін дамытуға және оны өзара байытуға теңдессіз үлес қосқан Ш.Уәлиханов пен Ф.Достоевскийдің есімдерін мәңгілікке есте қалдыру үшін Петропавл қаласындағы мұражай қабырғасына барельефін орнату жөнінде шешім қабылданды. Бір сөзбен айтқанда, Ресейдің Қазақстандағы жылында қолға алынған жобалар ерекше маңызға ие болды.
Осы жылы тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығы республика көлемінде кеңінен атап өтілді. Талай ұлттың өкілдері бас қосқан салтанатты жиында Елбасы баяндама жасап, тың игеруді достық пен жасампаздықтың белгісіне, жапан даланы жаңғыртқан, жадымыздан өшпейтін, жанымыздан жоғалмайтын еңбек эпопеясына теңеді. 250 мыңға жетеғабыл тыңгер мемлекеттік жоғары наградаларға ие болса, 650-і Еңбек Ері атаныпты. 50 жыл ішінде бидайдың жалпы түсімі 640 млн. тоннадан астам немесе орта есеппен жыл сайын 13 млн. тоннадан айналды.
“Қазақстан – 2030” Стратегиясының негізгі бағыттарының бірі – орталық және жергілікті билік органдарының қалыптасуы мен қызметінің принциптеріне қатысты. Оның ішінде ведомствоаралық және өңіраралық үйлестіру жұмыстарының мүлтіксіз атқарылуына үлкен маңыз берілді. Осы жылы болашағымызды айқындайтын негізгі стратегиялық маңызды міндеттермен қоса ел экономикасының дамуына соны серпін беретін өзгерістерді орындауға облыс жұртшылығы құлшына кірісті. Экономика мен қоғамды жаңғырту үшін жергілікті жерлерде кешенді шаралар жүйесі түзіліп, еркін нарық заңдарына негізделді. Ескі көзқарастардан ада, істің мәніне терең бойлайтын, ұстанған көзқарасы өмір талабымен үндес, өмірлік маңызды шешімдер қабылдауға қауқарлы кадрлар шоғыры қалыптасты. Ауыл шаруашылығындағы қордаланып қалған мәселелерді бірер маусым ішінде шешу мүмкін емес екенін жете ұғынған шаруашылықтың алғыр басшылары ұзақ мерзімді ілгерілеудің сүрлеу жолын таңдап алды. 2003-2005 жылдар аралығындағы ауылды өркендету кезеңі аса байыптылықты қажет етті. Қайтарымсыз субсидиялар, жеңілдікті несиелер беріліп, барынша қолайлы жағдайлар туғызылды. Қаржыландыру мөлшерін көбейтуге баса назар аударылды. Осылайша негізгі басымдықтар айқындалып, іс-қимыл және жасампаздық кезеңі туды. Атқарылған жұмыстардың арқасында облыс орталығындағы кәсіпорындардың тапсырыстар портфелі 2,6 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылдарға қарағанда 150 пайыз өсті. Ескірген машина-трактор паркін жаңартуға ұдайы көңіл бөлініп, 5,4 млрд. теңгенің осы заманғы қуатты техникалары сатып алынды. Тек бірінші тоқсанда ғана болжанғаннан тыс 451 млн. теңге кіріс алынып, әлеуметтік мұқтаждарды шешуге жұмсалды. Жыл соңында бұл көрсеткіш бір млрд. теңгеден асып жығылды. Жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілердің 14,5 пайызға өсіп, 20,5 мыңға жетуі, оларда еңбек ететіндердің 58 мыңнан асуы, тауарлар мен қызметтер өткізуден 26 млрд. теңге табыс алуы саланың сапалық деңгейге бет бұрғанын айғақтады. Көктемгі егін себу науқанына бір млрд.теңге бөлініп, ауылдық несиелік серіктестіктер құру қолға алынды. 12 мың адам жұмысқа орналасып, 3,1 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жұмыссыздық көрсеткіші 1,78 пайызды құрады. Бюджетке түскен кіріс 1,4 есеге ұлғайды.
Адамзат баласы тағатсыздана күткен Афиныдағы ХХYІІІ Олимпиада ойындарын солтүстікқазақстандық спорт жанкүйерлері де қызыға тамашалады. Онда 202 елдің “сен тұр, мен атайын” деген кілең мықтылары күш сынасты. Қазақстаннан байрақты бәсекеге жолдама алған 118 атлетіміз 8 жүлдені олжалады (1 алтын, 4 күміс, 3 қола). Жалпы есепте 40-шы орынға тұрақтады. Алтын жүлде мен Баркер кубогын Бақтияр Артаев еншіледі. Жанкүйерлер қол жеткен табыстарды олқысынып, оның алдындағы Сиднейдегі Олимпиадада 3 алтын қоржынға түсіп, 22 орынды иеленгенімізді көлденең тартса, 2021 жылғы Токиодағы додаларға қарағанда жылап көріскендей боласың.
Осы жылы мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар өңірді дамытуға зор мүмкіндіктер беретін басты басымдық ретінде танылып, басқа да ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.