«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРНЫ ТОЛМАС ҚАСІРЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тарих беттерін парақтайтын болсақ, қазақ халқы бастан кешір­ген аштық адамның сай-сүйегін сырқыратып, санасын сансыра­тып жібереді. Талай шаңырақты күйреткен ақтаңдақ кезеңнің қайғы-қасіретін ішіне сыр ғып бүккен архив құжаттары айналымға қо­сылса, қаншама ақиқатқа көзіміз жетер еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқев “Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат” мақаласында бұл ба­ғыттағы кезек күттірмес міндет­терді белгілеп берді. “Тарихымыз­дың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адас­тырады. Тиісті тарихи құжаттар­ды, жиналған мәліметтерді аса мұ­қият зерделеу керек”, – дей келіп, күрделі мәселеге ұстамдылық­пен, жауапкершілікпен қарауға, жалпы тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізуге шақырды.

Миллиондаған адамды аштан өлтіріп, тірі қалғандарын жан-жаққа тарыдай шашыратып жібер­ген алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі 1921-1922 жылдардан басталатынын біреу білер, біреу білмес. Тарихшылардың айтуларынша, қасіретті тағдырдың та­лайынан өткен қазақ халқы коммунистер үстемдік құрған жылдар ішінде, яғни 1918 жылдан 1933 жылға дейінгі аралықта үш ашаршылықты бастан кешірген. Бұл зұлматтар ауыл тұрғындарын азалы да қазалы апатқа ұрындырып, соңғысының зардабы бәрінен де асып түскен. Тұтас халық басына орнаған қырғын социалистік қо­ғам­ды әбден меңдеп алған небір сорақы саясаттың бет пердесін ашып, әшкерелеп берді. Алаш зия­лылары қазақ халқын отырықшы­лық сияқты дәстүрлі шаруашылы­ғынан, ата кәсібінен күштеп айырмауды, зорлап ұжымдастырмау­ды қанша ескертсе де, үстем, оз­быр күш дегеніне жетіп тынды. Ұлт­қа жасалған қысастықтың ақыры мыңдаған отбасылардың басы ауған жаққа қаңғып, аштан қыры­луына соқтырды. Архив құжатта­рына сүйенсек, 1929 жылы республикадағы 44 млн. 723 мың бас малдан 1934 жылы 4,5 млн. бас қана қалған. 1930 жылы тұрғын­дардың саны – 317 мыңға, 1932 жылы 769 мыңға кеміген. Сол жыл­дары болған 372 көтерілістің бәрі қарулы күшпен басылып, аяусыз жазаланған. Ұжымдастыру жыл­да­ры 150 мыңнан астам адам жа­уап­қа тартылған. Жүздеген мың адам Қазақстаннан тысқары жер­лерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Ғұлама тарихшы Манаш Қозыбаев 1931-1933 жылдары 2 млн. 100 мың адамның аштан өл­ге­нін, оның 1 млн. 750 мыңы қазақ­тар екенін айтса, кейінгі кездері аштан қырылғандардың саны 4-5 млн. деген мәліметтер келтіріліп жүр.

Әміршіл-әкімшіл өктемдік өрт­тей лаулап тұрған кездің өзінде БК/б/ П орталық, өлкелік комитет­те­ріне, тура Сталиннің өзіне то­лассыз ағылған, қардай жауған хат­тар мен арыз-шағымдар мен аштықтың тірі куәгерлерінің естеліктерін бейжай оқу мүмкін емес. Атақты “Бесеудің хатына” қол қойғандардың бірі – жерлес жазушымыз Ғабит Мүсірепов. Хат 1932 жылы 4 шілдеде, яғни мил­лиондаған бейбақтардың сүйек­тері қара жолдың бойында шашы­лып, жинаусыз қалған қанжоса уа­қытта Голощекинге бағытталып, оның “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деген ұрдажық шолақ саясаты өткір сын тезіне алынады. Қолдан жасалған қысастық салдарынан мал басы­ның қисапсыз кеміп кеткені, тірлік етер­ліктей тігерге тұяқ қалмай, жы­лы қонысынан амалсыз ауғандар­ға, жаппай қырылып қалған аш-арықтарға нақты көмек көрсетіл­мей жатқаны, барлық жерде көпте­ген қазақ, кейбір орыс аудандары аштыққа ұшырағаны, нағыз көзбояушылар, көпірме жоспарлар жасаушылар, оның үстіне өз­де­ріне жүктелген тапсырманы орындай алмағандар “бәрі жақсы деп” жауырды жаба тоқитыны, бі­рақ сабақ боларлықтай сазайын тарт­пайтыны, жемшөп қорының таусылғаны, халықта мал өнімде­рінің қоры түгесілгені, малдың көп сойылуы тіпті үдеп кеткені бетіне басылғанымен, шын сөзге Голо­щекин мен оның төңірегіндегілер құлақ қоюдың орнына байшылдық пиғылды көксеген ұлттық көрініс деп бағалаған.

Ораз Исаев Сталинге жолда­ған хатында мал шаруашылығы тұп-тура қиямет жағдайға ұшырап отырғанына назар аударуды өті­не­ді. Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ ауданында халықтың едә­уір бөлігі аш-жалаңаш. Көктемде 10-15 мың адам аштан өлген. 1929 жылмен салыстырғанда көп­те­ген қазақ ауылдарында тұрғын­дардың жартысы да қалмаған. Семей, Ақтөбе аудандарында, теміржол бойларында панасыз ба­лалар, аштан бұратылған жандар сеңдей соғылысады десе, Тұрар Рысқұлов қазақтар өнеркәсіпті елді мекендер төңірегінде жұмыс­қа орналаса алмай тентіреп жүр­генін, солтүстік өңірлерде қайыр­шылық балалар арасында айрық­ша етек алғанын, аштықтың сал­дарынан кісі өлтіру мен тонаушы­лық тым көбейіп кеткенін ашына жазады. Өз сөзіне дәйек ретінде Орта Еділге – 40 мың, Қырғыз­станға – 100 мың, Батыс Сібірге – 50 мың, Қарақалпақстанға – 20 мың, Орта Азияға 30 мың қазақ­тың еріксіз қоныс аударғаны, лек-легімен Москва вокзалына шұбы­рып келе бастағаны, Сібір темір­жолы маңындағы станцияларда 10 мың қазақтың босып жүргені, күн сайын 5-10 адам өлетіні, Са­рысу ауданында 7 мың қожалық­тан 500-дейі ғана қалғаны, Әу­лиеатаның шайханаларында 20 баланың сүйектері жинап алын­ғаны, 84 ересек адамның аштан өлгені, Семей ауданындағы бала­лар үйінің бірінен 20 қазақ бала­сының іріп-шіри бастаған өлігінің табылғаны, Торғайдағы балалар үйінде 4 жасқа дейінгі жетім бала­лар­дың түгел қырылғаны, осын­дай жаға ұстатар, көз сенбес небір сұмдық оқиғалар келтіріледі.

Осы тақырыпты зерделеу ба­ры­сында бірқатар деректерді кез­дестірдім. Солардың бірінде өмі­рінің біраз жылын Қызылжар өңі­рінде өткізген ұлағатты ұстаз Сей­тен Сауытбеков “Аштық апаты” естелігінде 30-шы жылдары бас­тан кешкен қиямет-қайымын еш әсірелеусіз суреттейді. “Ішім алай-дүлей. Қазақты қан құстыр­ған, тең жартысын жер жастан­дырған, ата қонысынан аударған нәубеттің белгілі адамдардың қо­лы­мен ұйымдастырылғаны бұл күнде ашық айтылып жүр”, – деп жүрегі қарс айырылады. Қазақстанды ширек ғасырға жуық бас­қарған Дінмұхамед Қонаевтың “Ақиқаттан аттауға болмайды” естелік-эссесінде де мынандай жолдар бар: “…Ауылдан адам төзгісіз, ауыр жағдайды естіген сайын аза бойымыз қаза тұратын. Шал­ғайда жүрсек те, арқамызға аяздай бататын. Бірде үйден хат алдым. Қабырғалары қайысып жа­зыпты: ел ішін аштық меңдеп, жы­ғылғанға жұдырық – індет жайлап­ты. Оны өз көзіммен көрдім. Түр­ген селосында тұратын әке-шеше­ме келсем, тігерге тұяқ жоқ, ел әбден азып-тозыпты. Аттап бас­саң, кісі өлімі, зарлаған ана, жы­лаған бала. Балтабай, Маловодное ауылдарында түндігі ашыл­май қалған шаңырақта есеп жоқ. Бұл бірер ауылдың тартқан тақсі­реті емес, исі қазақтың басына түскен нәубет болды ғой”.

Ашаршылық тақырыбын толық ашып, бүге-шігесіне дейін зерттеу – тарихшы ғалымдардың алдын­да тұрған басты міндеттерінің бірі. Тарихтың мұндай қаралы кезеңін ұмытпау бәріміздің асыл парызы­мыз болуы тиіс. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” демекші, құрбан болғандарды ұмытпау, есімдерін қас­терлеу өркениетті елге тән үрдіс десек, бұл бағытта кешенді іс-шаралар дәйектілікпен жүзеге асырылады деген сенімдеміз.

Назерке РАМАЗАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің магистрі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp