Петропавлда ұры жеке тұрғын үйді тонап, 4 млн теңгені қолды қылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға Петропавлдағы «Береке» ықшамауданындағы жеке меншік үйдің тұрғыны жүгініп, күндіз сағат 15.00 шамасында біреудің оның үйіне терезеден кіріп, 4 млн жуық теңгесін алып кеткендігін хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, ұрлық үйдегілердің барлығы жұмыста болған кезде жасалған. Оның үйінің аумағы бойынша бейнебақылау камералары орнатылған.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында баспана ұрлығына қатысы бар күдікті анықталып, облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны ұсталды. Осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін ол бұрын бірнеше рет сотталған. Ұрланған ақшаның бір бөлігі алынды.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарды жасауға қатысы бары тексеріледі. Бүгінгі таңда ер адам жеке үйлерді тонаудың үш эпизоды бойынша кінәсін мойындады. Жыл басынан СҚО-да 270 астам пәтер ұрлығы тіркеліп, оның жартысынан көбі ашылды.
https://www.inform.kz/