Қазір кейбір адамдардан жиенді “немере” деп айтатынын жиі естимін. Бірақ халқымыз ұлдан өрбіген ұрпақты немере, қыздың баласын “жиен” деп атайды емес пе? Сондықтан жиенді немере деп атауға не жорық?
Қазақтың жиен десе жаны бөлек. Отбасында нағашы мен жиен арасында үлкен сыйластық үлгісі қалыптасқан. Өйткені “жиен” сөзі ежелден қастерлі, қадірлі. “Қыздан туғанның қиығы жоқ” демекші халқымыз жиенді бөтенсітпеген. Керісінше, барынша қамқор болып, құрметтеген. Жиенге қатысты түрлі ырымдар да осыны айғақтайды.
Қазақ “Жиенді ұрсаң, қолың қалтырайды” дейді. Ата-бабамыз “Жиен назары күшті” деп жиеннің көңілін қалдырмауға, ренжітпеуге тырысқан. Тіпті жиеннің қалауын орындап, сұрағанын беріп немесе жиендік жасап (сұраусыз) алып кетсе де ренжімей “Жиенге сот жоқ” деп дәстүр мен салтқа бағынған. Жиеннен туған бала “жиеншар”, одан “көгеншар”, одан “дегеншар” деп аталады.
Ал немере – ұрпақ жалғасы. Кейін қарашаңыраққа ие болатын да солар. Бәлкім, “жиен ел болмас” деген тәмсіл соған байланысты айтылса керек. Әлбетте қазақтың “Жиен неге ел болмайды малды болса” деген қарымта сөзі тағы бар. Бірақ жиенді немеремен шатастыруға болмайды. Қазақ – ешкімге ұқсамайтын халық. Тіпті жеті атаға дейін қыз алыспайды. Ал өзге этностарда қыздың да, ұлдың да баласын немере дейді. Тіпті туған бөлелер бір-біріне үйленіп, ағайынды адамның балалары қыз алысып жатады. Сондықтан бүгін немере мен жиенді шатастырып, ертең кімнің кім екенін ұғынудан қалсақ, ұлтымызға қауіп төнбей ме?
Кейбірі “қыз бен ұлдың баласын бірдей көремін. Онда тұрған ештеңе жоқ” деп дүрсе қояды. Оған талас жоқ. Бірақ сөздің астары – ойдың асқары. Сол себепті әр сөздің қадір-қасиетіне, мағынасына ерекше мән берген абзал. Бұл жерде қыздың баласын кемсіту, қаралау ойымда жоқ. Мен үшін әр баланың орны бөлек. Тек адамдар әр сөзге ереше мән берсе екен деймін. Қазақы атау тұрмақ, салт-дәстүрдің иісі мұрнына бармайтын апа-аталар осы ұғымның астарына үңіліп, көкейге түйсе құба-құп.
Жамбыл ҚҰСАЙЫНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.