«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қоғамның қозғаушы күші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов пен “Jas Otan” жастар қанаты төрағасының орынбасары Асылжан Бүркіталин жергілікті қыз-жігіттермен кездесіп, толғандырған мәселелерін тыңдады.

Елордалық меймандар алдымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқу-зертханалық корпусының құрылыс алаңында болды. “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасы басымдықтарының бірі ретінде белгіленген бұл жоба аққайыңдар өлкесіне талапкерлерді тарту үшін маңызды. Мұнда заманауи IT-инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Жаңа корпустың құрылысы аяқталып, оқытудың жаңа әдістемелерін енгізудің арқасында студенттер саны алдағы жылдары 10 мыңға жетеді деп күтілуде. Университет ректоры Ерлан Шулановтың айтуынша, ғимарат құрылысы мектеп пен колледж түлектерінің шекара асып, шетелге оқуға кетулерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Халық қалаулысының қатысуымен “Серпін-2050” бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Кездесу барысында атап өтілгендей, университетке 2014 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта аталмыш бағдарлама бойынша 1546 студент оқуға түскен. Бүгінгі таңда 588 жас білім алуда. Студенттер 25 білім беру бағдарламасы бойынша оқиды және жатақханамен толық қамтамасыз етілген. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде тағы 2 жатақхана салу жоспарлануда.

Бұдан кейін Мәди Ахметов пен Асылжан Бүркіталин жас депутаттар корпусымен, жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңес мүшелерімен және “Jas Otan” белсенділерімен кездесті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен жиында жас мамандарды жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты мәселелер талқыланды.

– Біздің сіздермен кездесуіміздің мақсаты – солтүстікқазақстандық жастардың көкей­кесті мәселелерін біліп, мүмкіндігінше шешуге тырысу. Сондықтан бүгін біз қыз-жігіттер өз мәселелерін еркін айта алатындай форматта кездесу ұйымдастырып отырмыз, – деді Мәди Ахметов.

Кездесуге қатысушылар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезіндегі кемшіліктерге назар аударып, өздерін мазалаған мәселелері туралы айтып берді. Олардың пікірінше, ең үлкен проблема – жастарды баспанамен қамтамасыз ету жайы. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы Жанар Таласпаева облыста жастарға жалға берілетін жатақханалар салу қажет деп санайды. Осы түйткілдің түйіні тарқатылса, жастардың шетелдерге немесе өзге өңірлерге жұмыс іздеп кету мәселесі шешілер еді.

Жиында Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әлфараби Мыңбай өңірде жалақының төмендігін атап өтті. Жас мамандарға берілетін жалақы 70-80 мың теңгенің маңайында. Сол себепті мамандығы бойынша жұмыс істейтіндер аз. Ай сайын дәрі-дәрмекке, азық-түлік пен қызметтерге бағаның өсуін ескере отырып, бұл мәселе де ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты. Төмен еңбекақы алатын маманның пәтер сатып алуы да екіталай. Баспана бағасының қымбаттығы бойынша Петропавл алдыңғы үштікте тұр. Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Бақытжан Тұрсыновтың айтуынша, “Отбасы банк” ак­ционерлік қоғамының “Бақытты отбасы”, “Шаңырақ” бағдарламалары көпбалалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Ал жастардың баспана мәселесін шешуге көмектесетін мұндай бағдарлама жоқ. – Біз қыркүйек айының екінші жартысында “Отбасы банк” төрайымымен арнайы кездесу ұйымдастырамыз. Сонда тұрғын үй бағдарламаларының үстемеақыларын төмендету бойынша мәселе көтеретін боламыз. “Қызылжар жастары” бағдарламасын іске қосқан жөн. Жалпы ел үшін қазір жастарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды, сондықтан осындай мәселелерді шешумен міндетті түрде айналысамыз, – деді Мәди Ахметов.

Жұмыс сапары барысында Мәжіліс де­путаты мен “Jas Otan” жастар қанаты төрағасының орынбасары Петропавл электр техникалық зауытына барып, жас мамандардың жұмыс орнымен танысты. Бұл зауытта жыл сайын 12 млрд. теңгенің 13 мың электр жабдығын шығару жоспарлануда. Өнімнің 95 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспортталады. Қазір нысанда 140 адам жұмыс істейді, жыл соңына дейін мұнда тағы 310 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бір қуантарлығы – мұнда негізінен “Серпін-2050” мемлекеттік бағдарламасы­ның түлектері еңбек етуде. Зауыт басшылығы өндіріске жас мамандарды көптеп тартуды жоспарлап отыр. Бұл үшін жоғары оқу орындарымен меморандум жасалады. Бұдан бөлек, қызметкерлерге арналған екі үй салынбақ. Қазір зауыт аумағында 40 пәтерлі бес қабатты үйді қалпына келтіру аяқталуда, ал келесі жылы жұмысшыларға жаңа 9 қабатты үйден 104 пәтер бөлінеді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp