Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін бүгіннен бастап қытайлық Sinopharm компаниясының Vero Cell деген вакцинасы да қолжетімді, өңірге 13,5 мың доза препарат жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қытайлық Sinopharm шығарған коронавирусқа қарсы Vero Cell вакцинасы солтүстікқазақстандықтар үшін қолжетімді препараттар қатарын толықтырды. Бүгін өңірге препараттың алғашқы партиясы – 13,5 мың доза жеткізілді. Ол медициналық мекемелер арасында бөлініп, халыққа қолжетімді болады.
Sinopharm компаниясының вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл 7 мамырда қолдануға болатын вакциналар қатарына енгізді. Вакцина белсенді емес, екі дозалы.
Мамандардың айтуынша, бұл ДДҰ қауіпсіз және тиімді деп жіктелген қытай препараты, 45 елде ересектерді вакцинациялауға рұқсат етілген. Бүгінгі таңда Қытайдан басқа, вакцина БАӘ мен Сербияда өндіріліп жатыр.
Жалпы СҚО-да бүгінде 215 мыңнан астам солтүстікқазақстандық вакцинаның бірінші компонентін алса, 180 мыңға жуығы толық вакацинация курсынан өтті.
https://www.inform.kz/