Петропавлда электротехникалық жабдықтар жасайтын жаңа зауыт жұмысын бастауға дайын. Жергілікті кәсіпорында трансформаторлар жасалып, шет елдерге сатылмақшы. Бұл – республикадағы ірі өндіріс ошақтарының қатарындағы “Alageum Electric” компаниясының жобасы.
Облыс орталығында іске қосылатын Петропавл электротехникалық зауыты – “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Зауыттың негізгі ғимаратындағы құрылыс жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Бүгінде аталған жұмыстар тамамдалып, негізгі құрылғылар да жеткізіліп, орнатылып жатыр. Көп ұзамай электротехникалық жабдық шығаратын кәсіпорын кернеу класы 6, 10, 35 кВ-қа жететін тарату трансформаторлары мен жоғары вольтты ячейкаларды жинап, шығара бастайды. Жыл соңына дейін өңірде алғашқы мың трансформатор дайындалмақ. Ал кәсіпорын толық қуатына көшкенде жергілікті зауыт 13 мың электр жабдығын шығармақшы. Негізгі өнімге қоса, мұнда трасформаторлық шкафтар, шағын стансалар да жасалмақшы. Жоғары сапалы отандық өнімнің 98 пайызы ТМД елдеріне экспортқа жөнелтіледі деп жоспарланған.
– Біздің зауыт ТМД-дағы электротехникалық жабдық өндіретін ең заманауи зауыттардың бірі саналады. Негізгі жабдық Еуропадан жеткізілді. Қазір оларды орнату жұмыстарын аяқтауға шақ қалдық. Зауыт іске қосылғанда 350 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеміз. Алайда қазірден маман тапшылығы сезілуде. Өңірде “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алған жас мамандардың арасынан 30-дан астам түлекті жұмысқа шақырдық, – дейді “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС-нің директоры Мақсат Үсенбаев.
Қазір М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін бітірген он тоғыз маман зауыт жұмысшыларының қатарына қосылған. Серпіндіктің бірі осы күндері Орал қаласында тағылымдамадан өтіп, басшы қызметін атқаруға дайындалып жатса, тағы екі түлек компанияның инженерлік-техникалық қызметкерлерінің қатарына қабылданды. Жергілікті кәсіпорында еңбек етіп жүрген жастардың бірі – Бегалы Рахымбаев. Жамбыл облысының тумасы өңірдегі университетті былтыр тамамдап, бірден еңбек жолын Петропавл электротехникалық зауытынан бастаған.
– Мен Солтүстік Қазақстан университетінің машина жасау факультетін тамамдадым. Оқуымды аяқтаған кезде Петропавл электротехникалық зауытының құрылысы қызу жүріп жатқан болатын. Мамандығым бойынша еңбек еткім келгендіктен, осы кәсіпорынға жұмысқа тұрдым. “Alageum Electric” – электр жабдықтарын жасау саласындағы ең ірі компания. Қазір Петропавл қаласында тұрақтап, зауытта тәжірибе жинақтауды көздеп отырмын, – деп Петропавл электротехникалық зауытының жұмысшысы Бегалы Рахымбаев өз ойымен бөлісті.
Өзге талапты жастар да осы кәсіпорынға жұмысқа орналаса алады. Жалпы “Alageum Electric” АҚ-ның бұл жобасының арқасында облысқа 12 млрд. теңгеден асатын инвестиция құйылды. Зауыт басшылығы жерлестерімізді жаңа жұмыс орындарымен қамтып қана қоймай, өңірлік бюджетке түсетін салық көлемін де арттырады. Нәтижесінде өлкеміздің экономикалық және өнеркәсіптік әлеуеті де жақсармақ. Петропавл электротехникалық зауытын қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.