С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры XXIII-ші маусымды бастады. Шығармашылық ұжымның алдағы жоспары, актерлер құрамындағы өзгерістер туралы театрдың көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Дәурен Тойбазаровпен сұхбаттасқан едік.
– Дәурен Мұратұлы, әңгіменің әлқиссасын шығармашылық құрамнан бастасақ. Қазақ театрының бір топ актері кеткелі жатқанын естідік. Сахнагерлердің жаппай жұмыстан шығуына не себеп?
– Ол рас, біраз уақыттан бері театрдың отымен кіріп, күлімен шыққан бірнеше дарынды жас жұмыстан кету туралы өтініш жазды. Басты себеп – тұрғын үй мәселесі. Бүгінде олар “Дәрігерлер үйінде” тұрады. Бұл – жалдамалы-коммуналдық баспана. Аттарына түсірілмегендіктен жылда шығыңдар деп қуады, ал жекешелендіруге рұқсат жоқ. Бұл мәселеден жергілікті билік те хабардар. Қазір облыстық мәдениет басқармасы тарапынан актерлерге баспана беру мәселесі қарастырылуда. “Қолда барда, алтынның қадірі жоқ” демекші, актерлер кетіп қалса, өнер ордасы қиындықтарға тап болады. Бірақ театр жабылып қалмайды. Басқа құраммен жұмысын жалғастыра береді. Десе де баспанадан тарыққан жастардың тілек-талабы көп кешікпей орындалса деймін. Өкінішке қарай, қазір труппаның жартысынан астамы – үй-күйсіз. Мардымсыз жалақыға пәтер жалдау, отбасын асырау оңай емес. Бүгінде актерлердің орташа айлығы 70-80 мың теңге ғана. Кез келген адам бұл салаға бара бермейді. Сахнагерлерді өнерге баулу да көп уақыт пен шыдамдылықты талап етеді.
Қазір труппада 21 адам бар. 3 актриса бала күтіміне байланысты декреттік демалыста. Нақты 18 актер жұмыс істейді. Биыл ұжым екі жас маманмен толықты. Солардың бірі Әбділдә Махамбетәлі – Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін тамамдаған Ернар Бақтыбай – Меруерт Өтекешова, Бекболат Құрманқожаев сынды белгілі өнер саңлақтарының шәкірті. Жақында жас суретші Ботагөз Ахметованы жұмысқа қабылдадық. Қатарға жаңа қосылған жастардың болашағынан зор үміт күтеміз. Ұжымға тағы 4 жас актер қосылуы тиіс. “Әттеген-ай” дейтін жағдайлар да орын алды. Мәселен, театр ашылғаннан бері жұмыс істеген Мәдениет қайраткері Аида Сұпатаева отбасы жағдайына байланысты өзге қалаға ауысты. Өмір болған соң жұмыс бабындағы мұндай ауыс-түйістер – қалыпты құбылыс. Шығармашылықты шыңдау, жаңа ортада тәжірибе жинақтау актерге қажет.
Жоғарыда айтып өткенімдей, жастардың алды жұмысқа кірісіп те кетті. Осылайша жаңа маусымды жаңа құраммен бастадық. Әлі де өнерпаздар қажет. “Жас өркен” шағынауданында салынып жатқан үлкен театр ашылса, актерлерге қажеттілік тіпті артады.
– Жастарды жұмысқа қабылдау үшін оларға да жағдай жасау керек қой. Бұл тығырықтан қалай шықпақсыздар?
– Театрға тиесілі 3 бөлмелі пәтер бар. Қазір онда 7 жас актер тұрады. Бәрі бойдақ. Ал отбасылы өнерпаздарға пәтер жалдап тұру қиын. Сондықтан театр мүмкіндігінше кейбір қызметкерлердің жалдап тұрып жатқан үйлерінің ақысының 50 пайызын төлейді. Бұл тығырықтан шығудың бір амалы ғана.
– Жаңа маусымға дайындық қалай жүріп жатыр? Жалпы әр қойылым үлкен еңбекті, табанды ізденісті қажет етеді ғой. Жаңа қалыптасып жатқан шығармашылық ұжымның әлеуеті қандай?
– Сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Сәбит атамыздың атындағы рухани орданың абыройы мен беделін көтеріп, талай тамаша қойылымдарды көрерменге ұсынған Мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов, қазақстандық режиссерлердің жаңа толқынының жарқын өкілі Фархад Молдағали қазір қатарда жоқ. Театрымызда кезінде осындай дарынды режиссерлер жұмыс істегеніне қуанамыз. Бүгінде олар жаңа ортада шығармашылықтарын шыңдауда. Қазір труппаны тың ізденіске жетелеп, актерлерге жаңа серпін беруде көп жұмыс атқарылуда.
Өткен театр маусымында көкшетаулық режиссер Фархадбек Қанафин “Ұстаздың оралуы” қойылымын сахналаса, Тәжікстанның халық әртісі, режиссер, драматург, театр және кино актері Барзу Абдуразаков қызылжарлық көрерменге “Қарапайым адам” спектаклін ұсынды. Театр бір орында тұрған жоқ. Алға жылжу бар. Биыл да бірнеше жаңа спектакль қойылады. Театр директоры Біржан Жалғасбаев өзге режиссерлермен жан-жақты байланыс орнатуда. Майдангер Ысқақ Ыбыраевтың 110 жылдығы аясында батыр баба рухына тағзым ретінде қойылым ұсыну ойда бар. Қазір спектакльдің режиссері Фархадбек Қанафин шығармашылық ұжыммен дайындықты бастап кетті. Бұл – пьесаның авторы, театрымыздың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрислам Әбділдің тырнақалды туындысы. Режиссер кем-кетіктерін түзетті. Келесі айдың орта тұсында жаңа туынды көрерменге жол тартады.
Айбынды азаттығымыздың 30 жылдығы – халқымыз үшін ең ұлы, қастерлі мереке. Әлбетте айтулы күнге орай ел егемендігі үшін болған күрес жолынан сыр шертетін тарихи қойылым сахналау үшін жан-жақты ізденістеміз. Сонымен қатар күзде елімізге белгілі режиссер Бекболат Құрманқожаевпен бірге “Ақымақ болған басым-ай” комедиясын қоюды жоспарлап отырмыз.
– “Дүниені бір тарының қауызына сыйғызған” жұқпалы індет мәдениет және өнер ұжымдарының жұмысына кедергі келтіргені анық. Жаңа маусымда жағдай қалай болмақ?
– Ол рас, қауіпті індеттің кесірінен көптеген шаралар кейінге шегерілді. Көрермендер үшін театрдың есігі жабық тұрған күндер де болды ғой. Қазір жағдай түзеліп келеді. Келесі айда Көкшетауда аймақтық театр фестивалі өтеді. Онда “Қарапайым адам” қойылымын, ал қазан айында Қарағанды қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған “Сын – шын болсын…” атты Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестивалінде “Толық адам” спектаклін сахналауды жоспарлап отырмыз. Жаңа маусымды осындай жаңалықтармен бастап, жүлделі орындардан көріну үшін бар шеберлігіміз бен күш-жігерімізді салатын боламыз.
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.