Мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы бюджеттен 259 млн. теңге жұмсалса, үстіміздегі жылы 65,8 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өңірдегі 462 (98 пайыз) мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына кешенді мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша 453 ұйым медициналық қызметпен қамтылғаны анықталды. Білім алушылар саны аз 130 ұйымда медициналық қызмет емдеу мекемелерімен жасалған келісімшартқа сәйкес жүзеге асырылады. Тек 9 бастауыш және негізгі мектепте медициналық қызмет көрсету ұйымдастырылмағаны анықталды. Маман тапшылығына байланысты өткен оқу жылында 8 мектепте медицина қызметкері болған жоқ. Оқушылар санының аздығы, мектептің аудан орталығынан шалғайда орналасуы, қызмет көрсетуге мүдделі жеке кәсіпкерлердің болмауына байланысты білім беру ұйымдарының бірқатары ыстық тамақпен қамтамасыз етілмеген. Ал жылы дәретханалар барлық мектепте бар болғанымен, кейбірінің сапасына қатысты айтылар сын аз емес. Мәселен, сегіз мектеп орталықтандырылған су беру жүйесіне қосылмаса, бірқатар білім беру ордаларындағы дәретханалар күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы мәселеге ерекше назар аудару қажет.
73 білім беру ұйымы арнайы бейімделген оқу ғимаратында орналасқан. Ал 13 мектепте жылу қазандығы ғимарат ішінде тұр. Бұл мәселені шешу үшін облыстық бюджеттен 131,3 млн. теңге бөлінген. Күрделі жөндеуді қажет ететін спорт залдары да бар. Қазір қырыққа жуық білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарының алды аяқталып та қалды.
Облыстың барлық мектептерінде ғаламтор желісіне қосылған компьютерлер мен компьютерлік сыныптар бар. Алайда жекелеген мектептерде интернет желісіне қосылу жылдамдығы төмен.
– Ең бастысы, жаңа оқу жылында оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы жергілікті атқарушы органдардың, мектеп басшыларының қатаң бақылауында болуы керек. Қазіргі уақытта облыстың барлық аудандарында полиция қызметі мен білім беру органдары бірлесе мектептердің бейнебақылау жүйесін бірлескен бұйрық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізуде. Өңірдегі барлық орта білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары орнатылған, – деді облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.