Петропавл қалалық полиция басқармасына интернет алаяқтық фактісі бойынша бірнеше арыз келіп түскен. Жәбірленушілердің айтуынша, хабарландыру сайтында белгісіз ер адам өзін астаналық кәсіпкермін деп таныстырып, шетелдік көліктің қосалқы бөлшектерін ұсынған. Қызығушылық танытқан адамдардан алдын ала төлем алған соң, ол байланысқа шықпай қойған.
Өңір полицейлері Алматыға іссапарға барып, онда жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 32 жастағы азаматты ұстады. Ол интернет алаяқтықтың сегіз эпизодын мойындады. Күдікті ақшаны басқа біреудің атына тіркелген картаға жіберткізіп отырған. Ұсталған адам қамауға алынды, тергеу басталды, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Жеті айда облыс полицейлері 637 хабарландыруды тексеріп, оның 61-ін сайттардың әкімшісі арқылы бұғаттады. Жыл басынан облыста 300-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелді.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.