Өңіріміз эпидемиологиялық жағдай бойынша “қызыл аймақта” тұрғанымен кейбір жерлестеріміз санитарлық талаптарды сақтамай отыр. Олар мұның арты өкінішке ұрындыратынын ойламайды. Облыста індет басталғаннан бері мемлекеттік органдардың 160-тан астам өкілі кіретін 24 мониторинг тобы жұмыс істейді. Тексерістер әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері жүргізіледі.
Өткен жұма күні мониторинг тобы Петропавлдағы “Береке” шағынауданында туған күн кешін өткізіп жатқан коттеджді анықтады. Бұл факті бойынша ұйымдастырушыға қатысты әкімшілік материал жиналып, іс тиісті органға жолданды. Облыс аумағында жыл басынан шектеу шараларын бұзудың 1059 дерегі анықталса, соның 28-і өткен аптада орын алған. Жыл басынан бері анықталған 1059 деректің 941-і бойынша материал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді. 118 материал бойынша полиция қызметкерлері мәліметтер жинақтап жатыр.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы.