Шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби: “Мемлекет те адам сияқты өз өмірінде екі табалдырықтан аттайды. Біріншісі – өмірге келуі, екіншісі – ересек өмірге қадам басуы. Осы кезеңдердің әрқайсысы қайталанбайтын әрі қымбат кезең болып саналады”, – деген екен. Бүгінде біздің мемлекет бірінші қадамды сәтті жасап, екінші табалдырықты аттау үстінде. Тәуелсіздік ұлтымыздың ұлы мұраттарын оятты. Ол – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегіне айналды.
Тәуелсіздіктің іргетасын бекіту, өркениетті елдер қатарына қосылу, әлеуметтік-экономикалық даму жолында 2005 жылдың алар орны ерекше. Әсіресе Қызылжар өңірі үшін алғашқы күнінен жағымды жаңалықпен басталды. Қаңтар айының бірінші жұлдызында облыс орталығында қазақ тіліндегі тұңғыш қалалық басылым – “Qyzyljar nūry” қоғамдық-саяси газетінің алғашқы нөмірі оқырман қолына тиді. Газеттің алғашқы редакторы ретінде бұл игі істің қалай жүзеге асқанына тоқтала кетуді жөн көрдім. 2004 жылдың желтоқсан айында Петропавл қаласының сол кездегі әкімі облыстық орысша газетке қазақ тілінде қосымша шығаруға мемлекеттік тапсырыс есебінен қомақты қаржы бөлмек ниетін байқатты. Ұжымында бірде-бір қазақ журналисі жоқ олар қалай қазақша газет шығармақ? Бұл хабарды естіген облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің басшысы Жарасбай Сүлейменов сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұровқа кіріп, жаңадан қалалық басылым ашу жайын ақылдасады. Осылайша жаңа жылдың бірінші күні ақжолтай жаңалықпен басталып, ұлттық басылым оқырманына жол тартты. Осы газетке он бір жыл бойы редакторлық етіп, басылымның қалыптасуына хал-қадірімше үлес қосқанымды мақтан тұтамын.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыс басшылығы 2005 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің үздік деген 715 мұғаліміне арнайы грант тағайындады, оған жергілікті бюджеттен 50 млн. теңге бөлінді. Ал қаңтардың 17-сінде өткен облыстық мәслихаттың ХІІІ сессиясында тілдерді қолдану мен дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданды. Облыстағы демографиялық жағдайды тұрақтандыру және бала тууды материалдық ынталандыру мақсатында тұңғыш рет 2005 жылдан бастап жаңа туған әр сәбиге 30 мың теңге бірреттік ақшалай көмек берілетін болды.
2005 жылғы қаңтардың 18-де әлемдегі, құрлықтағы ең ұзын шекаралық белдеу – Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны нақтылау жұмыстары аяқталып, ол БҰҰ-ның тарапынан мойындалды. Екі мемлекет арасындағы шекараның ұзындығы – 7591 шақырым. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны межелеу сияқты саяси салмағы ауыр мәселе әлемдік халықаралық құқықтық тәжірибеде өте сирек кездеседі, соған қарамастан қысқа уақыт аралығында шекара сызығының барлық нүктелері заңдастырылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 18-і күні өзінің халыққа арнаған кезекті Жолдауын жариялағаннан кейін өңірлерге алғашқы сапарын Петропавл қаласынан бастады. Тұңғыш Президент Қазақстан мен Ресейдің, олардың халықтарының мәңгілік достығын бейнелейтін Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің барельефінің ашылу салтанатына қатысты, 20-шы шағынаудандағы тұрғын үй құрылысының алаңында, қазақ және орыс тілді топтары бар “Айгөлек” балабақшасында болды. Елбасы Н.Погодин атындағы орыс драма театрының ғимаратында өткен өңір басшысы Тайыр Мансұровтың облыс тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты. Жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев облыстық “Soltüstık Qazaqstan” мен “Северный Казахстан” газеттеріне сұхбат беріп, ол басылымда “Еліміз өңірлермен гүлденеді” тақырыбымен жарияланды.
Бұл жылы Президент Жарлығына сәйкес өңірімізде алғаш барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысы өткізілгені белгілі. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар туралы халықты құлағдар ету, қоғамды одан әрі топтастыруды, билікпен тура байланыс орнатуды көздеді. Бұл саяси маңызды науқан аяқталған соң тұрғындардың есеп беру жиналыстары барысындағы ұсыныстары мен ескертпелерін орындау жөнінде нақты іс-шаралар әзірленіп, оның жүзеге асырылуы қатаң бақылауға алынды.
Ақпан айында қазақ баспасөзі қарашаңырағының бірі болып саналатын облыстық “Soltüstık Qazastan” газетінің бірінші нөмірі шыққанына 85 жыл толды. Бұл мерейтой Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ғимаратында жұртшылық өкілдерінің, газет жанашырларының қатысуымен кеңінен атап өтілді. “Soltüstık Qazaqstan” – бай тарихы, қилы-қилы тағдыры бар, қиын асулар мен сын кезеңдерден сүрінбей өткен басылым. 85 жылдың ішінде бірнеше ұрпақ өкілдерінің маңдай тері сіңген газет облысымыздың шын мәніндегі жылнамасы болып табылады. Өткен ғасырдың 20-шы жылының 22 ақпанында Кедей сөзі” болып жарыққа шыққан газетіміздің аты заман ағымына сәйкес “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы”, “Солтүстік Қазақстан” болып бірнеше рет өзгерді. Газеттің 85 жылдығына арналған арнайы санында Сафуан Шаймерденов, Герольд Бельгер, Кәкімбек Салықов бастаған еліміздің зиялы қауым өкілдері, ел азаматтары, басылым жанашырлары өздерінің ақжолтай тілектерін ағытты. Басылымның мерейтойына орайластырып редакция ұжымы 38 редактор және 192 журналист еңбек еткен газеттің бай тарихынан сыр шертетін “Дәуір-дастан” кітабын шығарды.
2005 жыл – ауылды қолдауға арналған үшжылдың соңғысы болды. Астанада агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің, облыс, аудан әкімдерінің қатысуымен республикалық кеңес өтті. Жиында өткен екі жылды қорытындылай отырып, үшінші жылда ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі басталды деп жарияланды. Өңір диқандары 3131,4 мың гектарға дәнді дақыл, 24,6 мың гектарға картоп, 5 мың гектарға көкөніс отырғызып, көктемгі егіс жұмыстарын қолайлы мерзімде аяқтап шықты. Машина-трактор паркі 20 пайызға жаңартылып, жарты жылда 600-ден астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Бұл жылы елімізде жаңа тұрғын үй саясатын жүзеге асыру басталды. Қысқа мерзімде Петропавл қаласының бас жоспары жасалды. Құрылыс индустриясының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 2005-2007 жылдары қаржыландырудың барлық көздері есебінен 325 мың шаршы метр тұрғын үй салу міндеті қойылды. Облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналды.
2005 жылғы 9 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, басқа мемлекеттер басшыларының қатысуымен фашизмді күйреткен Ұлы Жеңістің 60 жылдығы Мәскеу қаласында атап өтілді. Екінші дүниежзілік соғыс жылдары әрбір үшінші солтүстікқазақстандық Отан қорғауға аттанғаны аян. Алапат соғыста қаһармандығымен көзге түскен 65 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры және “Даңқ” орденінің толық иегері атанды. 45 мыңнан астам азамат қанды майданнан оралған жоқ. Қаланың Мәдениет және демалыс саябағында “Жеңістің 60 жылдығы” аллеясы ашылып, оған төрт қатар шырша көшеттері отырғызылды. Мереке күні 11 соғыс ардагеріне жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Мәскеу қаласындағы Жеңіс парадына біздің өңірден Серік Смағұлов пен Петр Пинчук қатысты. 2005 жылы 400-ден астам соғыс ардагері елордаға ұшақпен тегін саяхат жасап қайтты.
Техникалық және кәсіптік білім беру басты басымдыққа ие болды. Қазір жылда беріліп жүрген “Үздік оқытушы” стипендиясын тағайындау тұңғыш рет 2005 жылы жария етілді. Облыстық білім басқармасы кәсіптік білім беру мен кадрларды даярлаудың өңірлік бағдарламасын әзірледі, оған ауыл шаруашылығы және өндіріс саласындағы мамандардың тапшылығы себеп болды. Осы жылы кәсіптік-техникалық мектептерге 1785, ал колледждерге 915 студент қабылданып, оларға шәкіртақы тағайындалды.
Әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету бағдарламасы 2005 жылдан жүзеге аса бастады. Осы жылы 1 шілдеден бастап, барлық зейнеткерлердің еңбек өтіліне, тағайындалған зейнетақысының мөлшеріне қарамастан, 3000 теңге көлемінде қосымша негізгі зейнетақылық төлем жасалатын болды. Зейнетақының орташа мөлшері 12 мың теңгеге жетті. 2005 жылдың 1 шілдесінен бюджет саласының қызметкерлерінің жалақысы 32 пайызға көтерілді. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 9200 теңгені құрады.
24 тамыз күні еліміздің барлық телеарналары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен тікелей байланысты көрсетті. Оның барысында тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін тікелей эфир арқылы Мемлекет басшысына қою мүмкіндігіне ие болды. Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаеводағы №4 орта мектеп мұғалімі Марал Қантаева келесі жылды “Отбасы жылы” деп жариялауды өтінді. Полковник Икрам Мамедов пен “Зенченко және К” командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко да өз ұсыныстарын білдірді.
Үкіметтің қаулысымен Явленка ауылындағы №3 қазақ орта мектебіне еңбек жолын “Soltüstık Qazaqstan” газетінде бастаған жерлесіміз, көрнекті кинорежиссер Аяған Шәжімбаевтың есімі берілді.
27 қыркүйек күні облыс орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды, бұл жерде бұрын НКВД-ның үйі болған. Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары алты мыңнан астам жерлестеріміздің тағдыры осында шешілген, 1465 адам ату жазасына кесілген.
Егін жинау науқанына ауа райының қолайсыздығы көп кедергі келтірді. Үш апта бойы толассыз жауған жаңбыр қолайсыздық тудырды. Алайда облыс диқандарының жанқиярлық еңбегінің арқасында 4.1 млн. тонна астық жиналып, гектар берекелігі 13,1 центнерден айналды.
Облыс мектептерінің оқушылары арасында “Менің елім – менің Қазақстаным” атты шығармалар байқауы ұйымдастырылып, оған 396 мектептің 40 мыңға жуық оқушысы қатысып, отаншылдық жайлы тебірене қалам тербеді. Оза шауып бәйге алған 13 жеңімпазға төсбелгі мен ақшалай сыйлық табыс етілді.
2005 жылдың 27 қарашасы облысымыздың тарихында алтын әріппен жазылатын күн болды. Осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Қызылжар” орталық мешіті мен православиелік шіркеудің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді және облыстық тарихи-өлкетану мұражайы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Мешіт Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Сауд Арабиясы корольдігінің тақ мұрагері ханзада Сұлтан бен Абдельазиз бөлген қаражатқа салынды.
2005 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстанда өткен кезекті Президент сайлауында сайлаушылардың 91,15 пайызы өз дауыстарын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Өткен Президент сайлауы біздің табысты түрде болашағы біртұтас ұлтқа айналып келе жатқанымызды көрсетті. Бірлік пен келісімді сақтап, нығайту оңай жұмыс емес. Ол даналық пен көргенділікті, көрегендік пен еліміздің барша азаматтарының өзара сыйластығын қажет етеді. Ғылым Жер бетіндегі әрбір этнос кемінде бір ерекше қасиетке ие екенін айтады. Біздің өміріміз Қазақстандағы 100 этностың 100 айрықша және қайталанбас қасиеті бар екенін көрсетіп отыр. Соның бәрі жиналып келіп, біздің Біртұтас Ұлтымыздың бірегей басымдылығын құрайды. Қазақстанның әрбір этносы – біздің байлығымыз. Көпэтностылық – біздің ортақ ұлы қазынамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы, міне, 20 жыл бойы осы байлықтың басты қорғаушысы міндетін табысты атқарып келеді. “Тәуелсіз Қазақстан – біздің үлкен отбасымыз және ортақ шаңырағымыз”, – деді Тұңғыш Президент. Алғаш рет сайлау үдерісіне жаңадан енгізілген электронды сайлау жүйесі енгізіліп, халықаралық ұйым өкілдері сайлау үдерісін бақылау мақсатында Қазақстанға келді. Президент сайлауына байланысты шетелдер мен халықаралық ұйымдардың 187 бақылаушысына аккредитациялық куәлік берілді. Нәтижесінде сайлауға халықаралық ұйымдар ашық, әлемдік стандарттар шеңберінде өтті деген баға берді.
2005 жыл – аса маңызды саяси және тарихи оқиғаларға толы болды. Бұлардың бәрі – ел Тәуелсіздігін нығайтуға, ұлттық мемлекеттігіміздің іргесін бекітуге елеулі үлес қосты. Бұл – бүкіл Қазақстан халқының үлкен жеңісі.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.