“Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50-ден астам тауар түрін шығарады. Олардың қатарында пластмассадан жасалған тұрмыстық заттар, жүгері таяқшалары және тез дайындалатын кеспе тағамдары бар. Биыл кәсіпорын жаңа істі қолға алып, қағаз өнімдерін әзірлейтін фабрика тұрғызбақ.
Жаңа фабрика Петропавлдағы индустриалды аймақта салынып жатыр. Қазіргі уақытта зауыттың іргетасы құйылып, қабырғасы қалануда. Құрылыс жұмыстарына “Сион Норд” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Мердігер компанияның учаске басшысы Иван Маслаускастың айтуынша, нысанды тұрғызуға 40 маман жұмылдырылған.
– Жаз басынан бері фабриканы сала бастадық. Бүгінге дейін жұмыстың 30 пайызы орындалды. Кестеге сай шаруамызды атқарып, ақпан айында нысанды тапсыруды көздеп отырмыз. Ішкі әрлеу жұмысына қыс уақытында кірісеміз деп ойлаймын, – деді мердігер компанияның өкілі.
Қағаз өнімдерін шығаратын фабрика “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында салынып жатыр. Тың жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды. Жаңа өндіріс ошағын тұрғызуға мемлекеттік қолдаудың тигізген пайдасы зор. “Радуга” серіктестігі “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” акционерлік қоғамының облыстық филиалынан кепілдік алып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
– Фабрикада алғашында санитарлық-гигиеналық мақсатта пайдаланылатын қағаз шығарылатын болады. Кейін “А4” форматындағы кеңсе қағазының өндірісін қолға алуды жоспарлап отырмыз. Шикізат ретінде макулатураны қолданамыз. Оны біз қала тұрғындарынан және өзге кәсіпорындардан сатып аламыз. Тәулігіне 15 тонна жарамсыз қағазды өңдеп, 5 тоннаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндігіміз бар, – дейді “Радуга” ЖШС-і директорының орынбасары Андрей Титов.
Фабрика өнім шығаруға арналған қондырғыларды сатып алуға тапсырыс беріп үлгерген. Жаңа техника Қытайдан жеткізіліп, қыста орнатылады. Облыс үшін тың өндіріс ошағы – 2022 жылдың күз мезгілінде қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда 50-ге жуық өңір тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады. Дайын өнім еліміздің барлық қалаларында саудаланбақ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.