«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бизнес қолдауға ие

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздегі кәсіпкерліктің кез келген нысаны – микробизнестен ірі құрылымдарға дейін мемлекеттің қаржылай және заңдық, ақпараттық қолдауына үміт арта алады. Солтүстік Қазақстан өңірінде мұндай көмек түрлерін облыстық кәсіпкерлер палатасы, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры мен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалдары көрсетеді. Өңірлік орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында тиісті мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, жаңа қызметтер жайлы баяндады.

Жеке ісін дөңгелетемін деген жерлестеріміз бірінші кезекте қаржылай емес қолдау шараларын пайдалана алады. Мәселен, кәсіпкерлікті қолдау орталықтарынан түрлі кеңестер алуға, бухгалтерлік есептер жасап, салық декларациясын тапсыру, кәсіпкерлік негіздерін меңгеру сияқты тегін сервистерге жүгіну мүмкіндігі бар. Бұның бәрін облыстық кәсіпкерлер палатасы ұсынады.

– “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыстың аудандық филиалдары мен моноқалаларында 13 кәсіпкерлікті қолдау орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері оларда бизнес иелеріне 5312 кеңес берілді. Бухгалтерлік мәселелер және салық есебі, маркетингтік зерттеулер, заң қызметтері, мемлекеттік сатып алуға байланысты қызметтерді алуға өңірдің 380-нен астам микро және шағын бизнес өкілі жүгінді. “Бастау Бизнес” жобасы да осындай қолдау шарасының бірі. 2020 жылы 938, ал биылғы жеті айда 770 адам курстарды аяқтады. Сонымен қатар, 2021 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасының жанында “Атамекен Қызылжар” микроқаржы ұйымы құрылды. Мұнда “Бастау Бизнес” түлектеріне өз бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие алуға болады, – деді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметов.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы да өңірде бизнестің дамуына өз үлесін қосуда. Бұл мекемеге “Еңбек” бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2021 жылға 1,7 млрд.теңге бөлініпті. Аталған қаржы жерлестеріміздің мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамытуы үшін беріліп жатыр. Бүгінге дейін 457 млн. тенгенің несиесіне140 солтүстікқазақстандықтан өтініш түскен.

– Мал шаруашылығын дамыту үшін жеке кәсіпкерге 4 млн. теңгеге дейін, ал зәкірлік кооперация болса 12 млн. теңгеге дейін 78 айға 6 пайыз үстемеақымен несие рәсімдеуге болады. Бұл қаражат мал, құс, балық пен жемазық, бал өндіретін аралар мен омарта сатып алуға бөлінеді. Өсімдік шаруашылығын дамытуға, соның ішінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге де бір жылға 6 млн. теңгеге дейін несие береміз. Бұдан бөлек, ауылдағы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарлама аясында 6-дан 10 млн. теңгеге дейінгі несие беріледі. Петропавлда кәсібін дөңгелетіп отырған жандар 16 млн. теңгеге үміт арта алады. Мерзімі 12 ай. Оны төлеуге жарты жылға дейін жеңілдік кезеңі де қарастырылған, – деді өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ облыстық филалының директоры Абылай Нұркенов.

Брифинг барысында “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалының директоры Мереке Сыздықов бизнес қауымдастыққа көрсетілетін өзге қолдау тетіктеріне тоқталды. “Даму” қоры микро және шағын кәсіпкерліктен бөлек, орта бизнеске де қаржылық жәрдем көрсетеді. Қолдау құралдарының арасында екінші деңгейлі банктер беретін несиелердің үстемеақысын субсидиялау және осы несиелерге кепілдік беру бар. “Даму” қорына “Бизнестің жол картасы – 2025” және “Қарапайым заттар экономикасы” мемлекеттік бағдарламаларын пайдаланушылар жүгіне алады.

– Екінші деңгейлі банк берген несиенің ставкасы кәсіпкер үшін 6 пайыздан аспайды. Өйткені оны “Даму” қоры субсидиялайды. Бизнес иелері 7 млрд. теңгеге дейінгі қарызды осындай тиімді үстемемен 5 жылға рәсімдей алады. Айналымдағы қаржыны толықтырамын десе, 3 жылға беріледі. Екіншіден, кәсіпкерлерге несиелерді қолжетімді ету үшін біздің қор банктерге кепіл бола алады. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 85%-ке дейін кепілдік беруге әзірміз. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша да займдар субсидияланып, бизнес иелеріне 6 пайызбен беріледі, – деді Мереке Сыздықов.

Былтыр “Даму” қоры 10 млрд. теңгеге – 214 жобаны, биыл тағы 2,6 млрд. теңгенің 12 жобасын қолдаған.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp