«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жол жүру картасы жоқтар артық төлейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қыркүйектің бірінен облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде сараланған тариф қолданыла бастайды. Есеп айырысу түріне қарай жол жүру ақысы 80 немесе 130 теңге аралығында болады. Қала ішіндегі автобустардың қызмет құны қолма-қол есеп айырысқан жағдайда 130 теңгені құрайды. Ал жол жүру билетінің ақысы электронды түрде төленсе бұрынғыдай 80 теңге болып қалады. 7 мен 15 жас аралығындағыларға сараланған тариф қолданылмайды. Олар жол жүру ақысын қолма-қол төлесе де, электронды билет сатып алса да баға өзгеріссіз, 40 теңге көлемінде қалады.

Электронды есеп айырысу карталары қазір қаланың бірнеше сауда орнында 500 теңгеден сатылып жатыр. Оларды Жамбыл көшесі, 188 мекенжайындағы “Тайга” базарынан, Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 246 мекенжайындағы “Караван” дүкенінің жанындағы газет дүңгіршегінен, “СҚО автокөлік одағының” Жамбыл көшесі, 174 мекенжайындағы кеңсесінен, автовокзалдың диспетчерлік пунктінен және “DOSTYQ mall” ойын-сайық орталығының бірінші қабатындағы “Natural cosmetic Petro” бутигінен сатып алуға болады.

Айта кетейік, жол карталарынан бөлек, жол ақысын электронды түрде NFC модулі бар банк картолары арқылы, “SMSBUS пассажир” қосымшасының көмегімен, NFC қызметі бар Android немесе Apple смартфондарымен және QR кодтың көмегімен төлеуге болады.

Бұдан бөлек, қалалық әкімдік тегін жүруге мүмкіндігі бар азаматтарды анықтады. Олардың арасында 1 және 2 топ мүгедектері, 16 жасқа дейінгі, 16-дан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, 18 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың бірі, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер, өзге елдердің аумағындағы соғыстарға қатысқандар, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” немесе “Батыр ана” атағының, І, ІІ дәрежелі “Ана даңқы” орденінің иегерлері, төрт немесе одан да көп баласы бар ата-ананың бірі, саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын сүргіннен жапа шеккен мүгедектер, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрмыс жағдайы төмен отбасының заңды өкілінің бірі, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленетін балалар бар. Аталған топқа кіретін қалалықтарға арнайы жол жүру карталары дайындалатын болады. Осы картаның көмегімен олар еш қиындықсыз қала ішіндегі автобустарда тегін жүре алады. Карталарды жасату үшін Театр көшесі, 36 мекенжайындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына жүгіну қажет.

Әсем АЙТУЛОВА,

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp