«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Лайықтыларды іріктеу

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент жанындағы жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссия іріктеу тәртібінің және оны жүзеге асырудың жоспарын жасады. Биылғы конкурс 1 қыркүйектен басталады. Нәтижесінде лайықты 50 үміткер мемлекеттік секторға таңдап алынады.

Негізгі талаптар – жастардың жасы, білімі және жұмыс өтілі. Конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Биылғы басты жаңалықтың бірі – мемлекеттік тілді білудің міндеттелуі. Бұл шарт ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден (В1) төмен болмауы тиіс.

Сонымен қатар алдыңғы іріктеуден тағы бір айырмашылығы, кандидаттардың білімімен, тәжірибесімен қоса құндылықтарды бағалау өлшемі назарға алынады. Осыған байланысты іріктеу кезеңдеріне ахуалдық жағдайларды шешу (эссе жазу және жобаны таныстыру орнына), мінез-құлық сұхбаты (құзыреттілікті бағалау жұмысы шеңберінде) сияқты бағалаудың жаңа тәсілдері енгізілді.

Іріктеуге қатысуға Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған саяси қызметкерлер, “А” корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметкерлері, Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған жастар қатыспайды. Президенттік резервтегілер кейін саяси мемлекеттік қызметтерге, “А” корпусының мемлекеттік әкімшілік және “Б” корпусының басшы лауазымдарына тағайындала алады. Резервте тұру мерзімі – 3 жыл.

Үміткерлерді іріктеу мынадай негізгі кезеңдерден тұрады:

– құжаттарды мамандандырылған онлайн-платформа арқылы 1-30 қыркүйек аралығында қабылдау;

– мәтіндік және сандық ақпарат арқылы жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кандидаттардың күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу және жеке қабілетін анықтауға мүмкіндік беретін тестілеудің екі жеке блогынан тұрады. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау 2-9 қазан аралығында өтеді;

– ситуациялық есептерді шешу арқылы қатысушылардың нақты проблемаларға деген көзқарасын анықтау. Сынақ 12-17 қазан аралығында өтеді;

– біліктілікті бағалау. Ол – ассессмент-орталық және біліктілік бойынша сұхбаттар. Ассесмент-орталық арқылы стратегиялық ойлау, белсенділік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік сияқты жаңа тұрпаттағы лидерлерге тән бірқатар мінезқұлық біліктілігі анықталады;

– сараптамалық комиссияның қатысушылармен әңгімелесуі. Бұған алдыңғы кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен үміткерлер жіберіледі. Президент Әкімшілігі жанынан құрылған комиссия әрбір үміткермен жеке сұхбаттасады.

Сараптама комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін жасап, ең көп балл жинағандар ұлттық комиссияның қарауына жіберіледі. Ұлттық комиссия Президент жастар резервіне лайықтыларды қабылдау жөнінде шешім шығарады.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp