Облыстық кәсіподақ орталығы мен білім басқармасы өзара келісімге келіп, ұстаздар қауымына бірқатар жеңілдіктер жасамақ. Білім саласында 555 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған, оларға 26 мыңнан астам адам мүше. “Білім беру саласындағы кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі әрі күрделі пандемия ахуалы ескеріліп, 2021-2023 жылдарға арналған екітараптық меморандумға бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, жұмыс белгілі себептермен тоқтап қалса, ол жұмыс берушінің де, жұмысшының да кінәсі емес. Осы себепті орташа мөлшердегі еңбекақы сақталады. Тағы бір шарт – медицина қызметкерлерінің, бухгалтерлердің, үйлестіру бөлімдері жұмысшыларының, кітапханашылардың еңбек демалысын үш күнге ұзарту. Бұрын ұстаздар біліктілігін арттыруға өз қаражатын жұмсайтын. Бұл мәселе екі жыл бойы қозғалып, биыл шешімін тапты”, – деді өңірлік кәсіподақ орталығының директоры Ерік Нұрақаев журналистерге берген сұхбатында.
Білім саласының қызметкерлері жылдағы медициналық тексерістен өту үшін енді қаражатты өз қалтасынан шығындамайды. Оны жұмыс беруші төлейді. 2019 жылы тек 5 ауданда медициналық байқау ақысы жұмыс берушінің есебінен өтеліпті. Осы қызметті тегін етуге қатысты түскен өтініштер бойынша мониторинг жүргізіліп, білім және денсаулық сақтау басқармаларына сұрау салынды. Осыған орай жыл сайын ақысыз медициналық байқаудан және гигиеналық тексерістен өткізу туралы мәселе талқылана келіп, бюджеттік басқармалармен үшжақты келісім жасалды. Ол бойынша міндетті медициналық тексеріс ақысын өтеу жұмыс берушілерге жүктелді.
Ерік Есімұлының айтуынша, салалық кәсіподақ ұйымдарына тиесілі демалыс нысандары жоқ. Қазір өзекті мәселені шешу үшін тиісті шаралар қолға алынған. Мұғалімдер мен олардың отбасы мүшелері еліміздің шипажайларында демала алады. Жыл басынан бері кәсіподаққа мүше 830 педагогқа жолдама берілді. Жыл соңына дейін 1300 ұстаз демалып қайтпақ. Бұл мақсат үшін 25,5 млн. теңге бөлінген.
Берік АЮПОВ,
облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы.