Газетіміздің өткен санында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жылдағы дәстүр бойынша мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірдің жыл басынан бергі 7 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп бергені жайлы шағын ақпарат жариялаған болатынбыз. Бүгін атқарылған ауқымды жұмыстар жайлы оқырмандарға толығырақ мәлімет бермекшіміз.
Құмар Іргебайұлы экономиканың негізгі салаларында өсім барын атап өтті. Жалақы қоры 18 пайызға өсіп, 116 млрд. теңгеге жетті, салық түсімдері 1,6 есе (63 млрд. теңге) өсті. Ауа райының құбылмалығына қарамастан ауыл шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Минералды тыңайтқыштарды тиімді қолдану шығымдылықты 3-4 центнерге арттыруға мүмкіндік берді. Күзгі жиын-терімді жоғары ұйымшылдықпен өткізу міндеті тұр. Жауапты науқанға 12,8 мың трактор, 3,8 мың заманауи егіс кешені қатысуда. 2017 жылы машина-трактор паркінің 1,9 пайызы жаңартылса, былтырғы көрсеткіш – 4,2 пайыз. “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникасы зауыты іске қосылса, жергілікті диқандар арзандатылған техникаға ие болады.
Биыл жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Жалпы қажеттілік – 850 мың тонна. Агросекторды әртараптандыру одан әрі жалғасады. Жыл сайын шамамен 1 млн. гектар жерге майлы дақылдар себіледі. Бұл республикадағы барлық алқаптардың үштен бірін құрайды. Жаңа нысандарды іске қосу есебінен астық сақтау көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Бүгінде 8 астық қоймасы мен ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр, жобаларға 6,6 млрд. теңге инвестиция бағытталған. Оларда 131 мың тонна астық сақталып, 108 жаңа жұмыс орны құрылады. Жылдық қуаттылығы 370 мың тоннаға тең май экстракциялық зауыт іске қосылса, өңірде өсірілетін майлы дақылдардың 90 пайызы жергілікті жерлерде өңделеді.
Баяндамашы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды стратегиялық міндет екеніне тоқтала келіп, ет өндірісін 100 мың тоннаға дейін жеткізу үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңының, 2 құс фабрикасының құрылысы жүргізіліп жатқанын, былтыр 600 мың тоннаға жуық сүт өндіріліп, жартысынан астамы өңдеуге жіберілгенін, облыс аграрлық секторға инвестиция тартудың орталығына айналғанын, 7 айда 92 млрд. теңге инвестиция тартылғанын атап өтті.
Алда аграрлық-индустриялық экономикаға жоспарлы көшуді жалғастыру талабы тұр. Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде 80 жоба пайдалануға беріліп, жарты трлн. теңгенің өнімі өндірілді, 4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Құйылған инвестициялар көлемі – 80 млрд. теңге. Нәтижесінде инвестициялардың 1 теңгесінен шамамен 6,5 теңге кіріс алынды. Тұтастай алғанда, өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 34 млрд. теңгеге көбейіп, 192 млрд.теңгені, өңдеу секторының үлесі 75 пайызды құрады. Биылғы меже – 360 млрд. теңге. Бұл ретте негізгі назар болашағы бар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға аударылады. Жыл соңына дейін тәжірибелік үлгідегі 150 изотермиялық термосвагон шығару жоспарланған. “ЗИКСТО” зауыты “Қазақстан темір жолы” АҚ-дан 2 мың платформалық вагон құрастыруға тапсырыс алды. Еліміздің вагон паркінің төрттен бірі жаңарады. “Радуга” компаниясы қағаз шығаратын фабриканың құрылысын бастап кетті. Онда жылына 5 мың тонна өнім өндіріледі. Күзге таман кірпіш зауыты бой көтереді. 2025 жылға дейін өнеркәсіп саласында 10 жаңа кәсіпорын пайда болады. Жалпы облыста инвестиция көлемі 1,8 трлн. теңге болатын 75 жобадан тұратын пул құрылды. Инвестицияларды тарту қарқыны бойынша облыс ел өңірлері арасында екінші, жеке инвестицияларды тарту бойынша үшінші орынға ие.
Биыл 813 шақырым жол, соның ішінде 44 ауылдық елді мекеннің көше жолдары жөнделіп, нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 74 пайызға дейін жақсарады. Кешенді жоспар бойынша 2025 жылға дейін 5 мың шақырымы қалпына келтірілмек. Бұл жолдардың бойында 250 мың адам тұрады. Сумен жабдықтау саласына 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл соңына қарай ауыл тұрғындарының 83 пайызы, оның ішінде 78 елді мекен толықтай орталықтандырылған тіршілік көзін тұтына бастамақ. Құрылыс саласына 27 млрд. теңгенің бөлінуі 3,5 мың пәтер салуға мүмкіндік береді. Уәлиханов көшесі бойында жаңа шағынаудан бой көтеріп, мектеп, балабақша, басқа да нысандар пайда болады. “Береке” шағынауданында коммерциялық тұрғын үй құрылысы жанданады. Жеке компаниялар көбейіп келеді. Алматылық құрылыс компаниясы “Набережный” шағынауданында көпқабатты үйлер салуды жоспарлап отыр. “YDA” түрік компаниясы 3 қабатты үй салу жобасын ұсынды. Облыс орталығында барлығы 1,6 мыңнан астам жеке үй бұзылып, 4,8 мың адам баспана жағдайын жақсартты. Жыл соңына дейін тағы 300 ескі үй сүріледі. Жеке тұрғын үй құрылысы – өзекті мәселені шешудің пәрменді тетіктерінің бірі. “Солнечный-2” және “Южный” шағынаудандарына сумен жабдықтау жүйесі, жолдар мен электр желілері тартылып, 3 мыңнан астам жер телімдері бөлінеді.
Құмар Ақсақалов өз баяндамасында әлеуметтік салаларға кеңірек тоқталды. Білім беру бағытында оң өзгерістер көп. Екі жылда 249 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Биыл 4 миллиард теңгеге 52 білім ордасы, 84 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 18 автобус сатып алынды. 4 жаңа мектеп салынды. Алдағы жылдары 16 мектеп бой көтереді. Мұғалімдер тапшылығы мәселесі іс жүзінде шешілді. Ұстаздардың орташа жалақысы – 250 мың теңгеге жуық. Ауыл педагогтары – 273 мың теңге алады. 2022 жылы жалақы тағы 25 пайызға көбейеді. 2 жыл ішінде мемлекеттік колледждердің жартысына жуығы жаңарды. Келесі жылы М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де заманауи зертханалары бар оқу-зертханалық корпустың құрылысы аяқталады. Назарбаев университеті қағидаты бойынша тағы бір жоғары оқу орны ашылады. Бұл жөнінде АҚШ-тың Аризона университетімен уағдаластық бар. Жобада академиялық технологиялар трансфері қарастырылған. Атап айтқанда, америкалық академиялық стандарттар негізінде университет оқытушылары мен студенттерінің әлеуетін арттырумен айналысатын болады. Сондай-ақ бағдарлама аясында қос диплом беру жайы да ойластырылған. Білімге қаржы құю өз жемісін берді деп айтуға болады. Егер 2017 жылы жоғары оқу орындарына түсу 58 пайызды құраса, 2020 жылы 69 пайыз болды. Мектеп түлектерінің өзге өңірлер мен шетелге оқуға кетуі 30 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеді.
Денсаулық сақтау саласында медициналық жабдықтарды жаңартуға басымдық берілетінін айтқан Құмар Іргебайұлы соңғы 3 жыл ішінде 10 млрд., биыл 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгенін жеткізді. Ауруханалар заманауи МРТ аппараттарымен, компьютерлік томографтармен, сандық маммографтармен, рентген және ангиографтармен толықтырылды. Көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасуда. “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында жаңа емханалар пайда болады. Медицина кадрларының тапшылығы мәселесі де біртіндеп шешіледі. Өңірге келетін 128 дәрігерге 2,5 млн. теңге көлемінде біржолғы өтемақы төленеді. Ауылдық жерлерде 47 медициналық нысанның құрылысы басталады. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға баса назар аударылады. Өңірде 3 мыңнан астам бала тегін секцияларға барады. Дарынды жастар оқитын мектеп-интернат-колледжге жатақхана салынады. Халықаралық жарыстар өткізуге болатын бір заманауи спорт сарайының құрылысын бастау жоспарланған.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс шақырылған жетінші сессиясында халық қалаулылары Есжан Оразалин, Александр Касьяненко, Ирина Эктова сөз алып, өңір басшысының есебінде айтылған оң өзгерістерге көңілдері толатынын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.